Мүмкіндігі шектеулі балаларға қамқорлық
Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан мүгедектер үшін көптеген бағдарламалар жасақталып, жұмыстар жүріп жатыр. Соның ішінде кембағал жандарды жұмыспен қамту маңызды мәселе болып табылады. Ең бастысы мүгедек балаларды сәби кезінен бастап анықтап, олардың ортаға бейімделуіне жағдай жасауымыз керек. Жалпы баланы қоғамға бейімдеу мен оқытуда ерте диагностикалау мен түзету маңызды. Мүмкіндігі шектеулі, мүгедек балалар тәрбиесіне ерекше мән берілуі керек. Бұл тәрбиенің негізгі мақсатыеңбекке үйрету, өмірде өз орнын табуға баулу, өмірге икемді жеке тұлға қалыптастыру. Ең алдымен тәрбие ісіне терең сезім қажет. Тәрбиеге нағыз сенім бар жерде ғана, нағыз талапшылдық еңбек тәртібі болады. Еңбек, еңбек– бәрін жеңбек. Осы бір мақалдың ішіне барлығы сиып тұрғандай. Мүмкіндігі шектеулі, мүгедек балалар дегенде көз алдымызға еңбекке жарамсыз, ата-ана қамқорлығында отырған балалар елестейді.
Еңбек баланың өмірлік қажеттілігі. Мүмкіндігі шектеулі, мүгедек балалардың өзіндік еңбек дағдылары бірден қалыптасып кетпейді. Мұндай балалар атаана мен арнайы мамандардың көмектерін қажет етеді. Оларға өздерін танытып, айналасындағылармен араласуға мүмкіндік беру керек. Өздері өте жасық келеді. Бойында дарыны бар балалар қаншама. Мұндай балаларды еңбекке баулыса, ертең есейгенде өмірде өз орнын, өз мамандығын табуға көп көмек болар еді. Күнделікті үй тұрмысындағы еңбектің өзі баланың еңбек дамуының көзі. Баланың өзіндік қызмет дағдыларының қалыптасуын қадағалау қажет. Оның дұрыс тамақтануы, тамақтанып болғаннан кейін ыдыстарын, киімдерін жинау ұқыптылықтары еңбектену көзінің бұлағы емеспе?!
Әлемнің бәсекеге қабілетті елдерінде инклюзивті білім беру жалпы білім беру жүйесін дамытудың маңызды бағыттарының бірі ретінде есептеледі. Себебі дамыған халықаралық қауымдастықта инклюзивті білім беру әрбір адамның қандай да бір кемсітушіліксіз білім алу құқығын іске асырудың маңызды құралы ретінде әлдеқашан мойындалған. Біздің еліміз де аталмыш ұстанымды қолдайды. Мұны әрбір баланың сапалы білімге тең қолжетімділігін қамтамасыз етудің білім беру саласын дамытудағы басты міндет болып есептелетіндігі айғақтай түседі. Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біздің білім беру жүйеміз қолжетімді әрі инклюзивті болуға тиіс» деп атап өтті. Инклюзивті білім берудің басты аспектілерінің бірі болып есептелетін инклюзивті саясаттың соңғы жылдары елімізде қарқынды түрде дамып келе жатқандығын да байқауымызға болады. Атап айтар болсақ, бірқатар құжаттар ратификацияланды, заңнамалық және нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізілуде, барлық мүдделі тараптардың қатысуымен әртүрлі деңгейлерде талқылаулар іске асуда.
2021 жылдың 26 маусымында Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Оның негізінде білім беру ұйымдарында психологиялық-педагогикалық қолдау қызметі реттеледі. Құжат сондай-ақ білім беру ұйымы басшыларына мүгедектігі бар балаларды білім беру ұйымдарына оқуға қабылдауды бұзғаны үшін немесе білім үшін арнаулы жағдайлар жасамағаны үшін жауапкершілік жүктейді. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, әлемдегі әлеуметтік тұрғыдан осал балалардың жергілікті мектептерде қолжетімді білім алуын қамтамасыз ету үшін білім беру жүйесі мен білім беру саласында жұмыс істейтін барлық адамның құндылықтары мен принциптерін түбегейлі өзгерту қажет Сонымен қатар инклюзивті білім беруге қатысты жоғары экономикалық дәлелдерді де атап өту қажет. Ерекше қажеттілігі бар балаларға білім беру жақсы инвестиция болып есептеледі. Дүниежүзілік банк баяндамасына сәйкес (2005 ж.), бұл әлеуметтік қажеттіліктерге шығындарды азайтуға және адамның мемлекетке тәуелділігін төмендетуге мүмкіндік береді. ЮНЕСКО-ның 2009 жылғы зерттеуі көрсеткендей, Еуропа мен Орталық Азиядағы тұрғындардың еңбекке қабілетсіздігінен келетін шығын жалпы әлемдік ЖІӨ-нің 35%-ынан кем емес. Сонымен қатар инклюзивті білім беру отбасы мүшелерін күтім көрсетуден босатып, өндірістік қызметтің өзге түрлерімен айналысуға немесе өз ісіне уақыт бөлуге мүмкіндік береді. Жалпы халықаралық тәжірибеге сүйенетін болсақ, инклюзивті білім берудің барлық бала үшін пайдасы зор. Себебі ол мектептегі білім беруді жоспарлау мен іске асыру әдістеріне маңызды өзгерістер енгізеді, адам құқығын қамтамасыз ету құралы ретінде қызмет етеді және қоғам мен білім беру саласында демократия мен дербестендіру процестеріне үлес қосады.
Қазақстанда берілген бағдарды ұстана отырып және әлемдік және отандық тәжірибені ескеріп, Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында инклюзивті білім беру мәселелеріне көп көңіл бөлінді, ондай маңызды міндеттердің бірі ретінде барлық білім беру ұйымдарында инклюзивті білім беру үшін жағдай жасау болып айқындалған. Аталған міндеттерді шешу үшін инклюзивті саясатты әзірлеу, инклюзивті мәдениетті құру, инклюзивті практиканы дамыту мәселелеріне қатысты мәселелер кешенін зерттеу қажет. Білім және ғылым министрлігінің тапсырысы негізінде Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы Инклюзивті білім беру орталығы қызметкерлерімен Қазақстанның орта білім беру ұйымдарында инклюзивті білім беру жағдайына зерттеу жүргізілді.Зерттеудің әдіснамасы мен құралдарын әзірлеу үшін ҚР БҒМ Ақпараттық-талдау орталығының «Қазақстан Республикасында инклюзивті білім беру мониторингінің бірыңғай шеңбері» материалдары мен инклюзивті білім беруді дамыту бойынша отандық практиканы зерделеу, сонымен қатар инклюзия индексін әзірлеу бойынша халықаралық тәжірибені зерттеу негіз болды. Зерттеудің сәйкестілігін және сенімділігін жоғарылату мақсатында әдіснама мен құралдарды әзірлеуде триангуляция әдісі – сандық және сапалық әдістерді қатар пайдаланып, нәтижесінде екі әдіснаманың да артықшылықтарының бірігуіне алып келетін әдіс негізге алынды.
Қазақстанның орта білім беру ұйымдарындағы инклюзивті білім берудің жағдайын зерттеу еліміздің орта білім беру ұйымдарындағы инклюзивтілік қағидаттарын іске асыруда қол жеткізілген процестерге баға беруді қамтиды. Зерттеу нәтижелерін ескере отырып, алынған деректерді талдау нәтижелері бойынша қазіргі заманғы қазақстандық мектепте инклюзивті білім беру ортасын ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдар ұсынылды. Зерттеудің мақсатты аудиториясын республикалық маңызы бар 14 облыс пен 3 қаладан педагогтер, ата-аналар, ПМПК және ППТК мамандары қатарынан барлығы 70 720 респондент құрады.
Мектептер бөлінісінде 17 өңірден барлығы 701 мектеп (оның ішінде қазақ, орыс және басқа тілде оқытатын қалалық және ауылдық мектептер) қатысты. Осылайша, сауалнамаға мектептердің жалпы санының 10%-ы қатысты. Зерттеудің мақсатты топтары ретінде әртүрлі білім беру ұйымдарының: жалпы білім беретін мектептер, жекелеген пәндерді тереңдетіп оқытатын мектептер, гимназиялар, лицейлер, сондай-ақ арнайы, халықаралық мектептердің педагогтері қатысты.
Меншік нысаны бойынша мемлекеттік және жеке білім беру ұйымдары қамтылды. Сондай-ақ бастауыш, орта және жоғары сынып педагогтері, мамандар мен мектеп әкімшілігі секілді лауазым өкілдері қамтылды. Деректерді ақпараттық жинау әдіснамалық тұрғыда құрылымдалған сауалнама бойынша респонденттерге онлайн-сауалнама жүргізу арқылы жүзеге асырылды.Зерттеу құралдарын пысықтау үшін Ақмола облысының білім басқармасы қолдауымен 5 мектепте (педагогтер мен ата-аналар), ПМПК және ППТК-да апробация жүргізілді.
Апробациядан алынған нәтижелерге және сәйкесінше анализге сәйкес зерттеу құралдарына және зерттеуді үйлестіру бойынша ұйымдастыру мәселелеріне түзетулер енгізілді. Нәтижелер. Халықаралық практикаға сәйкес инклюзивті білім беру үш аспектіде қарастырылады. Сондықтан зерттеу жұмыстары инклюзивті мәдениетті құру, инклюзивті саясатты дамыту, инклюзивті практиканы дамыту сияқты үш аспект бойынша жүргізілді.