Қоғамдағы мәселенің бірі — патерналистік және масылдық көңіл-күйді азайту

Кез келген мемлекетті дамудың шырқау биігіне көтеріп, өрге шығаратын бірден-бір жол – еңбек. Еңбек қай ғасырда да, қандай кезеңдерде де өз-өзін ақтаған, халықты қиыншылықтан сақтаған құдыретті күш. Жаратушы Алла тағала адамның бойына еңбек ету қабілетін дарыту арқылы адамдық мәнін кемелдендіріп, жақсы жолға бастағаны ақиқат.
Әлемдегі дамыған елдердің жеткен жетістіктеріне зер салатын болсақ, олар мұның барлығына тек қана тынымсыз еңбектің, маңдай тердің арқасында қол жеткізгенін көреміз. Халық болып, ел болып, жұрт болып «еңбек» идеясының төңірегіне топтасқанда ғана ұлт мұраты жүзеге асады. Яғни, қызу еңбек, өнімді жұмыс қана адам санасын жетілдіріп, тың ойлардың туындауына себепші болады. Өзіміз жиі тілге тиек ететін Жапония, Сингапур, Қытай және т.б. мемлекеттердің экономикасы, технологиясы неліктен алға кетті? Мұның сыры ол мемлекеттердің еңбек етуге басымдық беруінде жатыр. Сондықтан да, біз де адамды масылдыққа душар ететін патерналистік көңіл-күйден арылуымыз керек.
Қарап тұрсақ, біздің қоғамда мемлекетке, Үкіметке қол жайып, Абай айтпақшы, өз еңбегін саумайтын адамдар қатары көп. «Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүріп күнелтіп, әйтеуір, «мемлекет маған бере берсе, мен содан қарманып ала берсем» деген көзқарастың ешқандай келешегі жоқ. Мұндай көзқарас сол адамның өзіне де, мемлекетке де, қоғамға да ешқандай опа бермейді, пайда келтірмейді. Оның соңы – қоғамдағы масылдық психологияны одан сайын тереңдетіп, қанатын кеңге жайдыра түседі. Өз елінің өркендегенін қалайтын кез келген азамат осындай көзқарастан аулақ болып, мұрат-мақсатын тек еңбекпен байланыстырары анық. Кейде біз ойлаймыз, Президент, Үкімет, Парламент, мемлекеттік органдар бәрін жасап беруі керек, жағдай туғызу керек деп. Бұл – өте кереғар түсінік. Иә, мемлекет басында отырған тұлғалар, азаматтар қоғамдағы оң өзгерістерді қалыптастырып, түрлі әлеуметтік-экономи­­калық, т.б. маңызды бағдарлама­лардың қабылдануын қадағалайды. Ал елді дамытып, өркендететін халықтың өзі болуға тиіс. Бұған патерналистік көңіл-күй арқылы емес, таза еңбекпен қол жеткізуіміз керек.
Қазақта «Тепсе темір үзетін» дейтін жақсы сөз бар. Міне, осындай «тепсе темір үзетін» азаматтар жұмыс жоқ деп салын суға кетіріп, бойын бойкүйездік билеп отырғанын көргенде жаның ашиды. Қоғамда жұмыс жоқ емес, жұмыс қай жерде де, қай салада да бар. Тек істің көзін таба білуі керек. Ең бастысы – адам мемлекетке деген масылдық көзқарастан, патерналистік ойдан арыла білуі керек. Яғни, адам баласы өз бойындағы теріс қылықтарды еңбекке деген құлшынысымен, қайратымен жеңе білуі керек. Адам өзі қайраттанбаса, масылдық ойлардан сілкініп арылмаса, оны қолынан жетектеп, еңбектің игілігін көруге ешкім де жетелеп апармасы белгілі. Демек, барлығы да адамның өз қолында. Отбасын асырап-сақтау, бала-шағасын өсіру, сондай-ақ мемлекеті­міздің «дамиық», «өркендейік» деген ортақ мұрат-мақсатына ұмтылу, үлкен қажыр-қайрат­қа бет бұру өте маңызды жайттардың бірі. Егер де қоғамның әрбір мүшесі ұлт мұраты, мемлекетіміздің іргетасын мықтай түсу үшін нақты қадамдар жасамайтын болса, экономикамыз да дамымайды, өндірісіміз де өркендемейді. Сырттан әкелінетін тауарларды тұтынып қана отыра береміз. Яғни, тұтынушы қоғам болып өмір сүруді жалғастыра береміз. Басқа мемлекеттерді байытамыз. Қаражатымыздың барлығы да сыртқа кете береді. Халқымыздың бойында еңбекқорлық қасиеттер жоқ деуден аулақпыз. Талай қиын-қыстау замандардан бізді алып шыққан еңбекқорлық қасиетіміз ғой. Бірақ солардың көбінен біз белгілі бір себептерге байланысты айырылып қалғанымыз жасырын емес.
Өтпелі кезеңдерде адам психологиясы міндетті түрде өзгереді. Біреулердің ұнжырғасы түсіп, қолға алған ісі нәтиже бермей қояды. Енді біреуі мамандығын ауыстырып, басқа мамандық бойынша жұмыс іздеуге арланады. Осылайша өз санасын тұйыққа тіреп, мағынасыз ойларының ішіне қамалып, мемлекетке қол жаяды. Жұмыссыз жүрген, екі қолға бір күрек таба алмай отырған адамға мемлекет, әрине, жәрдемдеседі. Жәрдемақы төлейді. Бірақ, бір өкініштісі, осындай жәрдемақыға әлгі адам тез үйреніп, «осылай өмір кеше берсем де, жаман емес сияқты» деген ойға келуі әбден мүмкін. Қателік, кереғарлық осындайдан басталады. Еңбексіз жүрген адамның өмірде адамдық мәні қалмайды. Расын айту керек. Сандалып, құры босқа жүрген адам мемлекеттің, қоғамның дамуына ешқандай үлес қоспай, жайбарақат күйге түседі. Теріс жолға түсу, қоғамға іріткі салу, айналасындағы адамдарды бұзу, жаман әрекеттерге бару дейтін оғаш қылықтар жұмыссыз жүрген, қызу еңбекке ешқандай да ынтасы жоқ адамдардан шығады. Осының алдын алуға бола ма деген заңды сауал да туындайды. Бірақ, Құдай тағала айтқан екен: «Адам өзі түзелемін демесе, мен оны түзей алмаймын» деп. Патерналистік, масылдық көңіл-күйге бір түсіп кеткен адамның ол «әлемнен» шығып кетуі де оңайға түспейді.
Бүгінде көптеген жастар еңбек етуден қашқақтайды. Бірақ, көп ақша тапқысы келеді, байлыққа, мол дәулетке тез жетуді ойлайды. Осы арада бір парадоксты жағдайлар қалыптасады. Яғни, еңбек етпей байлыққа жетуге бола ма? Барлық табыстың, ауыз толтырып айтарлық жетістіктің артында еңбек, еңбек, тек қана еңбек ұғымы тұр. Осыны терең ұғынатын кез келді. Мемлекеттік тұрғыда қаншама жақсы бағдарламалар қабылданып жатыр. Ал оларды іске асыратын кім? Біздер. Яғни, қоғам, жұртшылық. Ауыл жастары бала жасынан еңбекпен араласып өседі. Мал жайлайды, қора-қопсыны тазалайды, аула сыпырады, отын бұтайды, көмір тасиды, су әкеледі. Ал қала жастары мұндай еңбектің бірін де көрмейді. Ақ саусақ болып өседі. Адам жастайынан еңбекпен араласып өспесе, өсе келе оны еңбекке үйрете алмайсың, қызықтыра да алмайсың. Масылдық көңіл-күйдің бүр жаратын түп негізі осында жатады.
Қала тұрмысында бәрі де дайын. Су үйге келіп тұр, жылу беріліп тұр. Жан қиналмайды. Осының өзі қала баласын еңбекке құштарлықсыз өсуге итермелейді. Бұл тұрғыдан келгенде қала баласын жас кезінен бастап еңбекке үйретіп, тәрбиелейтін ата-ананың да қолы тие бермейді. Таңның атысы кештің батысы жұмыста болады. Тағы бір кемшілік – үйдегі кейбір әкелердің еңбекке құштар болмай, балаларына теріс жағынан үлгі көрсетуінде. Айлап, жылдап жұмыс істемейтін, тек қана әйелінің тапқан табысына күнелтіп жүрген ер азаматтарды, яғни әкелерді өзіміз өмір сүріп отырған қоғамнан аз кездестірмейміз. Осының бәрі де қоғамдағы масылдық көңіл-күйдің одан әрі өршуіне әкеліп соғады. Масылдық көңіл-күй күні ертең ұлттық мінезге айналып кетпесіне кім кепіл дейсің осындайда. Құдай одан сақтасын, әрине. Жаман ғадет, теріс қылық бара-бара адамның, келе-келе ұлттың мінезіне айналатыны бар. Осыдан сақ болуымыз керек. Бұған ешқандай да жол беруге болмайды. Әрине, біз бұл жерде тек қана дене еңбегін айтып отырғанымыз жоқ, сонымен бірге ақыл-ой, шығармашылық еңбекті де меңзеп отырмыз. Еңбектің қай түрі де осал емес. Жұмыстың үлкен-кішісі жоқ. Бірақ солардың ішінен ең жеңілін таңдап, жанын ауыр еңбекпен қинағасы келмейтіндер қатары тағы да аз емес. Зауыт-фабрикаларға барып қызу еңбектің бел ортасына кіргеннен гөрі, такси жүргізушісі болып, қолы боста карта соғып, нарды ойнап отырған ер азаматтардың кейпін көргенде «бұл да бір жеңіл-желпілікке әкеліп соқтыратын масылдық көңіл-күйді білдірмей ме» деген ой келеді. Әрине, біз бұл жерде барлық такси жүргізушілері сондай екен деген ойдан аулақпыз. Олардың арасында да күн-түн демей жұмыс істейтін майталмандар, нағыз еңбекқорлар бар.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: еңбек – адамды да, мемлекетті де көркейтейді. Мемлекет халықтың маңдай терін сылып тастап жасаған еңбегі арқылы өркендейді, гүлденеді. Ең бастысы, шынайы еңбектің миссиясы мен мән-мағынасын түсіне білу керек. Еңбек ету – өзің үшін ғана емес, мемлекет үшін де, қоғам үшін де пайдалы. Еңбек ету философиясының өн бойында адамның отаншылдық, отансүйгіштік көзқарасы жатуы керек. Отанын сүймей, елін жақсы көрмей жасаған еңбектің парқы оншалықты биік болмайды. Ондай еңбектің нәтижесі адамның өзіне ғана бағытталады…

Д.Жұмажан