ОТЫРАРДА 20 МИЛЛИОНЫНШЫ ТҰРҒЫН ЕСЕБІН БАСТАУШЫ НӘРЕСТЕЛЕРДІҢ АНАЛАРЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Қазақстан халқының саны 20-млн-ға жетті. Бұл қуанышты жаңалыққа орай, бүгін аудан әкімінің орынбасары Ержан Асанұлы Отырар аудандық орталық аурухананың перзентхана бөліміне арнайы барып, дүние есігін ашқан сәбилердің аналарын құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша 14 қараша күні сағат 8:10-да туған 5 бала еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанды. Қазақстанның мерейлі азаматтары Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облысында дүниеге келді. Олардың ішінде 3 ұл және 2 қыз бар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз құттықтауында «Бақытты отбасы – бақуатты елдің негізі. Мемлекет отбасы құндылықтарын нығайтуға, ана мен баланы қорғауға баса мән береді» деген болатын. Дәл осы күні жалпы облыс бойынша 139 бала дүние есігін ашса, Отырар ауданында 2 сәби дүниеге келген. Ағымдағы жылдың 9 ай қорытындысымен Түркістан облысында 41 595 бала дүниеге келсе, соның 814 Отырар ауданында туылған.