ВЕТЕРИНАРИЯ САЛАСЫН ДАМЫТУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ветеринария саласын жетілдіру мәселесіне айрықша назар аударды. Мемлекет басшысы аталған жолдауында: «Ветеринария саласын да жетілдіру қажет. Бұл салада орталық пен өңірлер арасындағы міндеттер мен құзыреттер нақты бөлінуі керек. Бұл, түптеп келгенде, ауылдағы ағайынның әл-ауқатына тікелей әсер етеді», – деген болатын.
Президент өз Жолдауында көтерген мәселе біздің өңірге де ортақ. Себебі Түркістан облысы халқының басым көпшілігің негізгі кәсібі ауыл шаруашылығы саласы. Осы мақсатта Отырар ауданында облыс әкімдігінің ветеринария басқармасының бастамасымен «Ветеринария саласын жетілдіру – азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі» атты оңтүстік өңірлік ветеринариялық семинар-кеңес өтті. Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы, ҚР АШМ ВБжҚК ветеринариялық бақылау және ветеринариялық препараттар айналымы басқармасының басшысы Алтынбек Бақтиярұлы, Түркістан облысы ветеринария басқармасының басшысы Ғани Тұрысқұлұлы, аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов және Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласының ветеринария саласының мамандары, ғалымдар қатысты.
Жиынға келген қонақтар алдымен өңіріміздегі ветеринария саласындағы соңғы өзгерістерді айшықтайтын заманауи технологиялар мен дәрілік препараттарды таныстыру көрмесінен танысты.
Семинар-кеңесті Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы ашып, ветеринария қызметі қазіргі заман талабына сай болмаса, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру мүмкін емес екендігін атап өтті. Соынмен бірге, ветеринария саласының рөлі тек қана ауыл шаруашылығында ғана емес, экономикалық, медициналық тұрғыдан да маңыздылығы жоғары екендігін айтты.
– ҚР Президенті «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында ветеринария саласын да жетілдіруге үлкен мән беріп, Үкіметке жыл соңына дейін ветеринария жүйесін реформалау жөнінде нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Жолдау аясында ветеринария саласын жетілдіру үшін республикамызда алғашқы болып пилоттық жобада облыстан орталықтандырылған «Ветеринариялық қызмет» ШЖҚ МКК құру бойынша облыс әкімінің қаулысы қабылданды. Бұл аудан, қалалардағы 17 бірлік «Ветеринариялық қызмет» МКК-н оңтайлы басқару және жүйелі ұйымдастыру мен бақылау жұмыстарын жетілдіруге мүмкіндік береді. Биыл ветеринариялық қызметкерлерінің жылдық жалақы қоры мен іс-шараларды атқаруға қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға бюджеттен 4 389,2 млн. теңге бөлінсе, Мемлекет басшысының ветеринария саласын жетілдіру, ветеринар мамандардың еңбекақысын ұлғайту тапсырмасына сәйкес, республикалық бюджеттен қосымша 1 514,3 млн. теңге қаржы бөлінді. Нәтижесінде ветеринариялық мамандардың жалақысы 35-50 % көтерілді. Бүгінгі таңда, аталмыш кәсіпорынның техникалық базасын нығайту мақсатында, 2024 жылға бюджеттік өтінім ұысынылды, бюджеттік комиссияда қолдау тапқан жағдайда, қажетті техникалармен жаңартылатын болады, – деді ол.
Айта кетейік, бүгінгі таңда облыста эпизоотиялық ахуал тұрақты. Ауыл шаруашылығы жануарлардың аса қауіпті 16 түрлі ауруына 30,3 млн. доза вакцина жоспарланған. Жоспарға сәйкес, 10 айда 22 млн. доза вакциналар егілді. Облысымызда 6 808,0 мың бас ауыл шаруашылығы жануарлары еспке алынды. Оның ішінде, 1 180,9 мың бас ірі қара, 5 127,4 мың бас ұсақ мал, 456,6 мың бас жылқы, 41,5 мың бас түйе, 1,5 мың бас шошқа және 230,9 мың бас ит, мысық. Энзоотиялық іс-шаралар екі кезеңде жүргізіледі. Екі кезеңде 3 056,6 мың бас ірі малдар бүркіліп, 9 773,6 мың бас ұсақ малдар тоғытылды, 74 156,8 мың ш/м қоражайлар мен жапсарлас аумағы және 29 186,3 мың ш/м мал иірімдері мен суаттар залдасыздандырылды.
Сондай-ақ жиын барысында ҚР «Ветеринария туралы» заңына енгізілетін өзгерістер мен толықтыру және қабылданатын реформалар бойынша Алтынбек Бақтиярұлы баяндама жасаса, Қазақстан иновациялық технологиялық университетінің оқытушысы Гайса Абсатиров ветеринариядағы проблемалар және оның шешу жолдары туралы айтты. Мұнан бөлек ауыл шаруашылығы саласының ғалымдары, ветеринария басқармаларының басшылары, сала ардагерлері осы саладағы өзекті мәселелерді жан-жақты талқылап, мал басының амандығы және өнімділігі жергілікті ветеринарлардың тиімді жұмысына байланысты екенін жеткізді. Мал шаруашылығына қатысты өзекті мәселелер ашық айтылған жиынға қаысушылар жиынның тәжірибелік маңызы зор екенін айтып, ұйымдастырушыларға, Түркістан облысы мен Отырар ауданының әкімдіктеріне шынайы ризашлықтарын білдірді.
Басқосуда өңіріміздің ветеринария саласына сіңірген еңбегі үшін бір топ азаматтар ауыл шаруашылығы министрлігінің, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының алғыс хаттарымен марапатталды.
Жиынды қорытындылаған Түркістан облысы әкімінің орынбасары ветеринария саласында үдерістерді цифрландыру, мәлімет жинау әрі оны автоматтандыру, маман даярлау және олардың жалақысын көбейту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын айта келе, сала мамандарын ветеринария қызметін дамыту мақсатында бірлесе жұмыс істеуге шақырды.