ОТЫРАРЛЫҚ ШАРУАЛАР БИДАЙ АЛҚАБЫН КЕҢЕЙТУГЕ НИЕТТІ
Соңғы жылдары таулы аймақтардағы мұз бен жауын-шашын деңгейінің төмендігінен өңірімізде ағын су жетіспеушілігі орын алуда. Аталған мәселе шаруаларға егін егуде тиімді жолдарды қарастыру қажет екенін көрсетіп отыр.
Отырар ауданындағы Қарғалы ауылында шаруаларды қажетті ағын сумен толық қамтамасыз ету жыл сайын өзекті мәселеге айналып келген еді. Онсыз да ағын суды көп қажет ететін қауын, жүгері, жоңышқа секілді егістіктерден мол өнім алу мүмкіндігі аз екені айтпаса да түсінікті жайт. Осы жағдайларды ескере отырып аудан әкімі С.Сұлтанханов суды көп қажет етпейтін және ғылыммен негіздемесі нақтыланған өнім түрлерін өсіруді ұсынған болатын.
Аталған жайтқа байланысты отырарлық дихандар биыл жаз айларында су тапшылығының салдарынан бос жатқан 160 га алқапқа түрен салып, күзгі бидай егуді қолға алған болатын. Күз және көктемгі мезгілде мол ағын суды тиімді пайдаланған «Біржан-2» ЖШС, «Ақсақал», «Сағындық-М», «Әшірбай» шаруа қожалықтары аңқасы кепкен даланы жасыл желекке бөлеп, мол өнім алуды көздеп отыр. Қазіргі таңда техникалардың дайындығын пысықтаған дихандар өнімді алдағы бірнеше күн ішінде толық жинап бітірмек.
Тың тәжірибеге аудандағы өзге ауыл округтерінің дихандары қызығушылық танытса, мамандар бұл жобаның су тапшылығын жоюдың ең тиімді әдісі ретінде бағалап отыр.
Осы мақсатта бүгін аудан әкімі Сәкен Асылханұлы бидай алқабына арнайы барып, шаруалардың жай-күйімен танысты. Бидай шығымын көзбен көрген аудан басшысы шаруаларға ризашылығын жеткізіп, ауыл округіндегі басқа да диқандарды ағын суды аз қажет ететін егістікпен айналысуға шақырып, алдағы уақытта туындауы ықтимал мәселелерді талқылады. Бастама көтерген аудан әкіміне ризашылықтарын жеткізген дихандар осы жылы алға қойған мақсаттары толық орындалса, бидай алқабын одан әрі кеңейтуге ниетті екендерін жеткізді.