ОТЫРАРЛЫҚ  ДҮЙСЕНБЕК АҚСАҚАЛ ТУҒАН ЖЕРІНЕ ОЙЫН АЛАҢШАСЫН САЛЫП БЕРДІ

Отырар ауданында бұқаралық спортты дамыту, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау бағытындағы спорттық шаралар назардан тыс қалған емес. Бүгінде аудан көлемінде спорттық сауықтыру кешендерінен бөлек аудан азаматтарының қолдауымен ашық спорт алаңшалары ашылып, жастардың дене шынықтырумен айналысып, спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасалуда.
Осы мақсатта бүгін еліміздің өсіп-өркендеуі мен әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан Темір ауылының төл перзенті Дүйсенбек Божаевтың демеушілігімен балаларға арналған ашық спорт алаңшасы ашылды. Шараға аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов арнайы қатысып, туған жерін түлетуге атсалысқан азаматқа ауыл халқының атынан алғысын айтты.
Аудан басшысы өз сөзінде: «Ауылына қарап азаматын таны» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Киелі Отырар ауданының, оның ішінде Темір ауылының өсіп-өркендеуі, гүлденуі осы ауылдан шыққан ел ағаларының туған жеріне деген ыстық ілтипаты мен адал еңбегінің арқасында деп білемін. Осы орайда мемлекет саясатын іске асыруда өзінің азаматтық борышына адалдық танытып, туған елінің, туған жерінің дамуына атсалысып келе жатқан Сізге шынайы алғысымды білдіремін»-дей келе Дүйсенбек қарияның иығына зерлі шапан жауып, құрмет көрсетті.
Сондай-ақ салтанатты жиын барысында Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Мырзахан Манапов пен ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Отырар ауданының құрметті азаматы Қаныбеков Жонарбек бүгінгі спорттық нысан ауыл жастарының дені сау болып өсуіне, спортпен шұғылдануына, осы ауылдан талай чемпиондардың шығуына себепкер болады деген сенімдерін білдірсе, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бектіқұл Арзықұл мен Темір ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Төрехан Амантайлар ел игілігі жолындағы өнегелі іске ұйытқы болған Дүйсенбек Божаевқа ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.
Мұнан соң жаңа ойын алаңшасының лентасы қиылып, одан әрі 2010-2011 жылы туылған жасөспірімдер арасындағы аудандық турнир басталып кетті. Турнир соңында жеңімпаздар марапатталып, жүлдегерлерге арнайы сыйлықтар табысталды.
Жалпы Отырар ауданда Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдаулары мен мемлекеттік бағдарламалар аясында біршама жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Ауданда бұқаралық спортты дамыту бағытында 2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі және 1 спорт клубы жұмыс істейді. Аталған спорт мектептерінде спорттың сегіз түрінен үйірме сабақтары ұйымдастырылып, үйірме жұмыстарына жалпы 1060 оқушы қамтылған.