ОТЫРАР АУДАНЫНДА 1060 БАЛА АЛҒАШ РЕТ МЕКТЕП ТАБАЛДЫРЫҒЫН АТТАДЫ
Жылдағы дәстүрге сай 1 қыркүйек –«Білім күні» мерекесінде ауданымыздағы барлық мектептерде салтанатты жиындар өтіп, алғашқы қоңырау үні соғылады.
Осындай айтулы күнде Отырар ауданы, Көксарай ауылындағы М.Әуезов жалпы орта мектебінде өткен «Мектебім- мейірім мекені» атты салтанатты жиынға аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов арнайы қатысты.
Салтанатты жиын Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұранымен басталды. Мерекелік жиынды аудан әкімі С.Сұлтанханов ашып, құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде: Сіздерді 1-қыркүйек – білім күнімен шын жүректен құттықтаймын! Барша адамзатқа ортақ бұл күн, білім мен парасаттың, ақыл мен ізгіліктің бастау алатын сәті десек те болады. Бұл сәт тек атаулы мереке ғана емес, еліміздің болашағын өсіп-өркендететін күннің бастамасы. Бүгін міне, бүлдіршіндеріміз алғашқы қоңырау үнін естіп, үлкен өмір табалдырығынан аттағалы тұрса, ауданымыздағы 805 талапкер мектеп бітіріп, оның 305 талапкер грантқа түскен. 55 оқушы алтын белгі иегері атанып, 66 оқушы үздік атанды.
2023-2024 оқу жылында ауданымыздағы 40 жалпы білім беру ұйымдары болса, оның 28-і типтік, 12-сі ыңғайластырылған жайда орналасқан. Соның ішінде 10-ы бастауыш, ал, 6-ы негізгі және 24-і жалпы орта мектептерінде 12471 оқушы білім алады деп жоспарлануда. Жаңа оқу жылында 1-сыныпқа 1060 бала қабылданып, мектеп табалдырығын аттағалы отыр. – деп барлық ұстаздар қауымын және мектеп табалдырығын алғаш аттаған 1-сынып оқушыларын 1-қыркүйек — Білім мерекесімен құттықтады.
Салтанатта жиында мектеп өнерпаздары ән шырқап, би биледі. Мектеп табалдырығын тұңғыш аттаған, жаңа өмірге қадам жасаған жас бүлдіршіндер үшін ерекше күн болды. Балғын балалықпен қош айтысып, мектеп табалдырығын аттаған жас бүлдіршіндер салтанатты жиын барысында білім туралы тақпақтарын айтты. Мерекелік жиын мектеп оқушыларының концерттік бағдарламасымен жалғасын тауып, жаңа оқу жылының алғашқы қоңырауы соғылды.