ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨТІНІШІ КЕЗЕҢ-КЕЗЕҢІМЕН ІСКЕ АСЫП КЕЛЕДІ
Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанханов Балтакөл, Маяқұм ауыл округтерінің тұрғындарымен кездесіп, талап-тілектерін тыңдады. Алдымен бұған дейін тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлер мен өтініштердің орындалуы туралы баяндаған аудан әкімі ауылдарды дамыту бағытында атқарылатын жұмыстарды атап өтті.
Бұған дейінгі кездесулерде Балтакөл ауылының тұрғындары егістік жерлерге ағын су шығару үшін «Сумағар» каналына қосымша электр насосы қойылып, Ақкөл каналының бас тоспасы орнатылса, Ақкөл ауылының ауыз су мәселесі шешілсе, Балтакөл ауылы ауруханасының жылуы реттелсе деген өтініштерін жеткізген. Аталған мәселелер назарға алынып, «Қазсушар» РМК Отырар аудандық өндірістік бөлімшесі арқылы «Сумағар» каналына қосымша электр насосын және Ақкөл каналының бас тоспасын орнату үшін тиісті жұмыстар атқарылуда. Мұнан бөлек Ақкөл елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында геологиялық іздеу барлау жұмыстарына жобалық сметалық құжаттама әзірленген, қазіргі таңда облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан ұңғы қазу жұмыстарына мемлекеттік сатып алу рәсімі жүргізілуде. Сонымен қатар Балтакөл дәрігерлік амбулаториясының жылу қазандығында анықталған ақаулықтарды 2023 жылдың қыркүйек айына дейін жөндеп аяқтау жоспарланған.
Сондай-ақ, Маяқұм ауылының тұрғындары тарапынан көтерілген мәселелерге байланысты Маяқұм ауыл округі орталығындағы «Ният» трансформаторынан шығатын тозығы жеткен электр желілерінің 22 бағанасы ауыстырылды. Бүгінде жөндеу жұмыстары жалғасуда. Ағымдағы жылы бюджет қаражаты есебінен Қостерек елді мекеніндегі Н.Оспанов көшесіне жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда тегістеп, тас төсеу жұмыстары атқарылған. Жыл соңына дейін асфальт төсеу жұмыстары жүргізіледі.
Кездесу барысында тұрғындар көкейде жүрген мәселелері бойынша сауалдарын қойып, мамандар тарапынан тұщымды жауаптар берілді.
Кездесуден кейін аудан басшысы тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, өтініштерін тыңдады. Жұмыссыздық бойынша айтқан талап-тілектеріне заң аясында оң шешімін табуға қолдау көрсететінін айтты.