ОТЫРАР: ТАЛАПТЫДА БІР АУЫСЫМДА 25 АДАМ ҚАБЫЛДАЙТЫН ДӘРІГЕРЛІК АМБУЛАТОРИЯНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанхановтың аудан халқымен кездесуінде айтылған ауыл тұрғындарының өтініші шешімін тауып келеді. Соның бірі Талапты елді мекенінің тұрғындары тарапынан «Ауылда дәрігерлік амбулатория салынса» деген мәселе көтерілген. Аталған мәселеге байланысты жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктеліп, бүгінде бір ауысымда 25 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталып кетті.
Ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсете отырып халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында салынып жатқан нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 80 пайызға жуық негізгі жұмыстары аяқталған. Дәрігерлік амбулатория заманауи медициналық құралдармен және өзге де қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіледі.
Жалпы аудан бойынша 1- орталық аурухана, 1-орталық емхана, 13- дәрігерлік амбулатория, 12-медициналық тірек, 9- фельдшерлік акушерлік пункттері тұрғындарға медициналық қызмет көрсетеді.