ОТЫРАР: ӘКІМ ТЕМІРЛІК ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ТАЛАП-ТІЛЕКТЕРІН ТЫҢДАДЫ

Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанханов Темір ауыл округінің тұрғындарымен кездесіп, ауданда атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндады. Кездесуге аудандық мәслихаттың төрағасы Уәлихан Ұзақов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бектіқұл Арзықұл, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Көлбай Жалғасбай, дербес бөлімдер мен мекеме басшылары және ауыл тұрғындары қатысты.
Жиында бұған дейін темірлік ағайынмен өткен кездесулерде көтерілген мәселелердің орындалуы туралы айтып өткен аудан басшысы әрбір мәселені шешу бойынша арнайы іс-шара жоспары жасалып, жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Мәселен бұған дейін ақпан айында өткен кездесуде тұрғындар Темір орта мектебінің кәріз жүйесін ретке келтіру, ауылдық емханадағы құрал-жабдықтардың жетіспейтіндігі туралы айтып, өтінішін айтқан болатын. Аталған мәселелер бойынша тиісті жұмыстар атқарылып, бүгінде Темір жалпы орта мектебі әжетханасының кәріз жүйесі жөндеуден өткізілсе, денсаулық мекемесімен аудан көлемінде емдеу мекемелеріне қажетті құрал жабдықтар алу үшін мемлекеттік сатып алу рәсімі өткізіліп, Темір дәрігерлік амбулаториясы тиісті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.
Сондай-ақ тұрғындардың өтінішіне сәйкес елді мекендегі Теріскей көшесіндегі тұрғын үйлерде жаз уақытында ауызсу жетіспеушілігіне байланысты Шәуілдір топтық су жүйесі өндірістік бөлімшесі тарапынан су айдағыш насос орнатылып, бүгінде ауызсу кестеге сәйкес берілуде. Мұнан бөлек Темір ауылын табиғи газға қосу үшін монтаждау, сынама жасау жұмыстары атқарылуда. Ағымдағы жылы ауыл тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізбек. Шәуілдір-Темір автокөлік жолы бойын көгалдандыру және күтіп ұстау жұмыстары мен Темір ауылындағы жаңа тұрғын алабын электр қуатымен қамтамасыз ету жұмыстары да қолға алынып, жоспарға сәйкес тиісті жұмыстар атқарылуда.
Кездесуде тұрғындар көкейде жүрген мәселелері бойынша сауалдарын қойып, жауапты мекеме басшылары тарапынан тұщымды жауаптарын алды. Ардагер ұстаз Мырзабай Өксікбаев ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толатынын айтып, ел басқарып отырған азаматтарға ризашылығын жеткізсе, ауыл қариясы Бекміш Төлепбергенов елдің амандығын тілеп ақ батасын берді.
Жиын соңында аудан әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, тұрғындардың талап-тілектерін тыңдады.