ОТЫРАР АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ БІРҚАТАР АУЫЛ ОКРУГТЕРІНІҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанхановтың аудан халқымен кезекті кездесуі Отырар және Талапты ауыл округтерінде өтті. Алдымен Арыс елдімекенінде болып тұрғындардың талап-тілегін тыңдаған аудан басшысы бұған дейінгі кездесулерде көтерілген мәселелердің орындалуы туралы айтып берді.
Ауыл халқымен ақпан және мамыр-маусым айларында өткен басқосуда Шәуілдір-Арыс елді мекеніндегі А.Құлбатыров және Қ.Төлбасиев көшелеріне жарықтандыру жұмыстарын жүргізу туралы мәселе көтерілген болатын. Аталған мәселеге байланысты 2023 жылы бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік сатып алу рәсімдері ұйымдастырылуда. Конкурс аяқталған соң құрылысы жүргізілетін болады. Сонымен қатар Талапты ауыл округіне қарасты Ынталы елді мекеніндегі тұрғындардың өтінішіне сәйкес Дәрімбеков көшесінің бойына жаңадан трасформатор орнатылып, электр қуаты қалыпты берілуде. Халық денсаулығын жақсарту мақсатында «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы аясында Шытты елді мекенінде фельдшерлік амбулаториялық пунктін салу үшін бүгінде жобалық сметалық құжаты әзірленуде. 2024 жылы нысан құрылыс салу жоспарлануда.
Ағымдағы жылы Арыс ауылындағы П.Қалыбеков, Б.Қабылов, Ә.Смайлов көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары жүргізілген.
Қос ауыл округіндегі кездесуде ауыл тұрғындары Асан Тәліп, А.Досымайылов пен талаптылық Қ.Расиллаев, С.Смайлов, С.Иманбердиевалар Арыс елді мекеніндегі С.Ағыбаев көшесіне аяқжол салу, К.Момбеков көшесін және Көкмардан елді мекеніндегі Бейбітшілік пен Д.Жезмырзаев көшелерін асфальттау жұмыстары жүргізілсе деген ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Аталған мәселелерді өз бақылауына алатынын айтқан аудан әкімі жауапты сала басшыларына заң аясында тиісті жұмыстарды атқаруды тапсырды.
Сонымен бірге, Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанхановтың аудан тұрғындарымен кезекті кездесу жиыны түс ауа Қоғам және Қарғалы ауыл округтерінде жалғасын тапты. Кездесуде аудан басшысы аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, қос ауыл округінде көтерілген мәселелердің іске асу барысы туралы айтып өтті.
Аталған ауыл округтерінде қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі ағын су тапшылығы болып отыр. Шаруалардың егістік жерлеріне ағын су жеткізу үшін «Қызыл-Ту» насос станциясынан 6 дана СНП насосы іске қосылған. Алайда елді мекендердегі ағын су тапшылығы мұнымен толық шешімін табады деген сөз емес. Осы мақсатта Д.Алтынбеков каналын бетондау жұмыстарын жүргізу жұмыстары қолға алынып, бүгінде демеушілер есебінен жобалық сметалық құжаты дайындалуда. ЖСҚ дайын болған соң қаржыландыруға «Қазсушар» РМК-на ұсынылады.
Мұнан бөлек Мыңшұқыр ауылындағы көпқабатты тұрғын үйлердің артындағы жол бойы жарықтандырылып, Қоғам ауылындағы Бескепе көшесін орта жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 2024 жылы аудандық бюджетке қаржыландыруға ұсыну жоспарлануда. Сондай-ақ, Талапты елді мекеніндегі ауылдық амбулаторияның құрылысына биыл облыстық бюджеттен қаржы қаралып, бүгінде құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Биылғы жылы аудандағы 5 елді мекеннің ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу және бірнеше ауыз су нысандарына насос жиынтықтарын сатып алу жұмыстарына мемлекеттік сатып алу жүргізілуде. Аталған елді мекендердің қатарында Отырар ауылы да қамтылған. Сонымен бірге Қоғам елді мекенінде балалар ойын алаңшасын салу және Отырар елді мекеніндегі ішкі көшелерге аяқ жолдар салу жұмыстары атқарылуда. Сонымен қатар, Талапты елді мекеніндегі Ж.Смайлов және Қарғалы елді мекеніндегі Қарғалы-2 көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді. Отырар ауылындағы «Ауыл- Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында Т.Ибрагимов көшесіне асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде.
Кездесу барысында Қоғам ауылының тұрғындары А.Мәмбетәлі, Ә.Аққұлов, Н.Додабаев, А.Тілеуовтар мен Отырар ауылының тұрғындары Е.Шынтереков, Н.Ердемқұл, С.Дүйсенбаев, Ж.Исаевтар ағын су жеткізу, ауыз су жүйелерін жөндеу, газдандыру жұмыстары туралы көкейдегі сауалдарын қойды. Аталған мәселелерді мұқият тыңдаған аудан басшысы жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, заң аясында тиісті жұмыстарды атқаруды тапсырды.