ЕҢБЕК АДАМЫ: Аббазова Мухаррам Тураханқызы
Ұстаз бен шәкірт .Бұл екеуі де адам баласының ара қатынастарының ең мағыналы да мәнді түрі. Екеуі де — халық арасында ежелден бері қадір-қасиетін жоғалтпай келе жатқан киелі ұғымдар. Ұлы ғұлама жазушы Мұхтар Әуезовтың «Ел болам десең бесігіңді түзе» деген әдемі нақылы бар. Бұл еліңнің ертеңі болып табылатын қазіргі жас ұрпағыңа жақсы тәрбие бер деген мағынаны білдірсе керек. Бұл нақылда «бесікті түзететін» негізгі маман иелері ұстаздар қауымы болып табылады, дәл осы «түзетуші» міндеттің ең ауыр салмағы да ұстаздарға келіп түсетіні белгілі. ХХ ғасырдың алғашқы жартысында Ахмет Байтұрсынұлы: «Біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек»,- деп айтқан екен. Бұл жердегі «оқу ісін тузеу де» ұстаз қауымының еншісінде екені баршаға аян.
Ұстаз сөзінің мән-мағынасын, сірә сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес те шығар….бірақ оның ең негізгі мәні – жақсылыққа, адалдыққа таәрбиелеу деп түсінемін. Ал шәкірт ұғымы да осымен байланысты, «Ұстазы пейілді болса, шәкірті зейінді болады» дегендей бұл ұғым ұстазынан жақсылыққа, адалдыққа тәрбиелену деген мағынаны білдірсе керек. Түптеп келгенде, бұл екеуі де адам баласының ең асыл қасиеттерімен байланысты болып келеді.
Ұстаз сөзінің ауқымы кең. Кейде тіпті , өмірдің өзін Ұлы ұстазға теңеп жатады. Тар мағынасында, ұстаз сөзі – түрлі білім ошақтарында дәріс беретін маман иесі. Ал кең мағынасында ҰСТАЗ — білім мен тәрбиенің ұрығын шашушы киелі маман иесі.
Енді шәкірт пен ұстаздың арасындағы қарым-қатынас жайлы әңгіме қозғасақ….
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дейді дана халқымыз. Ұстаз тек өзінің білім-білігімен, парасат-пайымымен ғана шәкірт алдында беделді бола алмайды. Сонымен қатар, сөйлеген сөзі, киім киісі, жүріс тұрысы, мінез-қылығы арқылы да шәкірітіне үлгі бола алады. Иә, дұрыс. Шәкіртке білім беру қажет. Десек те, біліммен қатар «тәрбие» деген асыл дүниені де ұмытпағанымыз абзал. Фарабтан шыққан ұлы кемеңгер данамыз- әл-Фараби айтқандай тәрбиесіз берілген білім адамға таяқ болып тиеді. Шынтуайтқа келгенде, ізгілік, әдептілік ғылымын меңгермеген адамға кез-келген ғылым пайдасынан гөрі зардабын көп тигізеді. Шәкірт алдында беделі бар ұстазға онымен қашан да жұмыс жасау оңайға тиеді. Өйткені, шәкірт өзінің ерекше сыйлап, мақтан тұтатын ұстазының айтқанын екі етпей орындап, қайтсе де көңілінен шығуға барын салып тырысады. Егер ұстаз шәкіртінің бойынан дәл осындай ынта-жігерді оята аламаса, онда берген білімі мен ілімінің құр бос жел болып ұшып кеткені. Бағзы заманда бір уәзірдің ақымақ баласы болыпты. Ол әлгі баласын тәрбиелеп берсін деп ғалымға жіберіп, мүмкін ақыл-есі кірер деп ойлапты. Ғалым оны көп оқытса да, түк шықпапты. Сонда ол баланың әкесіне: «Сенің балаңның ақылы кірмеді, бірақ менің өзімді ақымақ қылды.»,- депті.
Кейбір ұстаздар өзіме тиесілі пәнді ғана оқытсам болды деген оймен шектеледі, ал шәкірттері болса осы сабақты оқысақ болғаны деген сынды «тоқтамдарға» келеді. Бірақ бұл шектеулердің дұрысынан бұрысы көп. Өйткені, әр ұстаз тек өз пәніне тән жаттығу-ережелерді жаттатпай, сонымен қатар ұстаз бен шәкірттің қарым-қатынасына тән инабаттылық үлгілерді байқату керек. Әсіресе, ұстаздар қауымына көргенділік, сабырлылық, әділдік, инабаттылық т.б. сынды асыл қасиеттері керек болса, шәкірттеріне кішіпейілділік, имандылық, қарапайымдылық т.б. секілді қасиеттерді дарытып, сіңірту керек.
Халқымыз «Шәкірт ұстаздан озса игі» деп бекер айтпаған.Тіпті, итальян суретшісі, ғалым Леонардо Да Винчи: «Өзінің ұстазынан асып түсуге талпынбаған шәкірт бейшара» деп қатты да айқын айтқан. Әл-Фараби бабамыз болса, ұстаздың шәкірт алдында өзін-өзі ұстауы хақында мына бір трактатында ашып айтып көрсеткен:«Ұстаз тумысынан өзіне айтылғанның бәрін жетік түсінген, көрген және аңғарған нәрселерінің бәрін жадында сақтайтын, олардың ешбірін ұмытпайтын….алғыр да зерек ақыл иесі және ар-намысын ардақтайтын, жақынына да , жатына да әділ, жұртқа жақсылық жасап үлгі көрсететін, қорқу мен жасқануды білмейтін батыл, ержүрек болуы керек.
Ұстаздың мінез-құлық сипаттары мынадай болуы тиіс: оның ділі тым қатты да болмауы, сондай-ақ ырыққа да тез жығыла бермеуі керек. Өйткені, тым қаттылық шәкіртті өз ұстазына қарсы қояды, ал тым ырыққа көне беру ұстаздың қадірін кетіреді, оның берген сабағы мен біліміне шәкірттері салқын қарайтұғын болады. Ұстаз өз тарапынан қашанда барынша ынталылық пен табандылық көрсетуі керек. Өйткені, бұлар құдды жұрт айтатын, тамшысымен тас тесетін су сияқты».
Асылы, жақсы ұстаздан жақсы шәкірт шығады. Алдымен жақсы ұстаз, жақсы шәкірт атану үшін – білім мен тәрбие сынды асыл дүниелермен сусындап, жігерленуі керек. Ұлы Абай өзінің өлеңдері мен қара сөздерінде осы мәселелерге кеңінен тоқталған. Ол ақыл, ой-сана ұғымын «Адам болам десеңіз..» атты өлеңінде «толық адам» деп астарлы сөзбен бейнелеп жеткізген.
Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті:
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек,-
дейді ұлы данамыз. Бірақ Абай осы үш түрлі сипаттағы үш түрлі қасиеттен бір-бірімен тоғысқанда ғана «толық», яғни, кемел адам болады деген тұжырымға келеді.
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден ерек, — дейді.
Мұнда бабамыздың «елден ерек бол» дегені – ақылды бол дегенді білдіреді. Осы үш қасиеттің басын біріктіретін – ғылым дегенге әкеп тірейді.
«Шәкірттің» жақсы болмағы ұстазынан деп тегін айтпаған. Ұстаз ұғымы – мағынасы кең, мәні терең, тарихи ұғым. Әлемдік ой алыптары, кейбір ғұламалар ұстаз алдынан өткен, олар өздерінің ұстаздарына мәңгі борыштар екенін мойындап, болашақ ұрпаққа өсиет қалдырған. Ұстаз мәртебесінің қаншалықты биік әрі қасиетті екенін осыдан – ақ көруге болады.
Мұғалімнің алдындағы басты міндет – оқушыларды біліммен қаруландыра отырып, ойлауға, сөз шеберлігіне, еңбек ете білуге үйрету және тәрбиелеу.Ұстаз бүгінге емес, ертеңге, болашаққа қызмет істейді.
Кейіпкер Аббазова Мухаррам Тураханқызы Сабыр Рахимов атындағы жалпы білім беретін мектепте бастауыш сыныптарға сабақ береді. Еңбек өтілі 22 жыл. 1973 ж 26 сәуірде Ескі Иқан аулында дүниеге келген. 1980 жылдары осы мектеп табалдырығын аттаған 8 жыл оқығаннан кейін Түркістан қаласындағы пед учелищеге оқуға түскен, 2006 ж Шымкент университетінде бастауышты сырттай оқып алған.
Жетістіктері, мұғалімдер арасында өтетін олимпиядалар мен байқауларға қатысқан, шәкірттеріде жарыстарға қатысып тұрады, алғыс хаттары мен қатар құрмет грамоталары да бар. Мектеп бітірген түлектермен 10 жылдық кездесуге барғанда, шәкірттерінің магистр деңгейінде оқып жатқанын, біраз бөлігі шет елдерде жұмыс істеп жүргенін білген, ол да мұғалім үшін үлкен мақтаныш. Бұл кейіпкеріміз өз ұлын бастауышта оқытқан.
Сұхбат барысында кейіпкеріміздің мамандығының машақатын көргенін білдік. Бастауыш сыныптарға сабақ бергендіктен, басында оларға сабақты түсндіру, бағыт-бағдар беру қиынға соққан. Кейін сол салада жүріп, тәжірибе жинап, өзімен жұмыс жасап, кәсібіне сүйіспеншілікпен қарай бастаған. Қазір мамандығын жақсы көреді, мұғалім болғанына мақтанады!
Ұстанымы, жаңалыққа, білімге құштар болу. Әр оқушының бойындағы қарым-қабілетін ашу және олармен жеке-жеке жұмыс істеу. Әр сабақты түрлендіріп өту, жастарды отан сүйгіштікке баулу.
Білім-жалпы ағза, мектеп—басы, мұғалім—жүрегі, оқушы—тыныс алатын өкпе іспетті. Жалпы ағза осы аталған үш нәрсеге тәуелді. Осы үшеуінің біреуі науқасқа шалдықса, жалпы ағзадағы функция бұзылатынында дау жоқ. Адам ағзасында жұдырықтай ет бар, егер де, сол ет бұзылса, онда ол адамның бүкіл болмысы бұзылады деп қасиетті хадисте айтқан ол еттің аты не? Ол еттің аты—жүрек. Міне, «Мұғалім –мектептің жүрегі» деп ұлылар айтқан ұлағатты сөз осыдан шығады.
Мектептегі сапалы білім мен саналы тәрбие мұғалімнің әрекетімен іске асатыны ол бесенеден белгілі. Мұғалім—оқушы үшін еліктейтін нағыз тұлға. Кез келген оқушы үйінде әкесіне, немесе шешесіне еліктесе, ал мектеп қабырғасында ол өзінің ұстазына еліктейді. Міне, бұдан шығар қорытынды, мұғалім бірінші кезекте өзінің шәкірті үшін еліктейтін тұлға бола білуі керек. Егер ол еліктейтін тұлға бола білмесе, оқушылар оның берген білімі мен тәрбиесін самарқау қабылдайтындары сөзсіз.
Бұдан кейінгі кезекте, мұғалімнің жинақтаған білімінің толық болуы негізгі шарт. Білімсіз мұғалім—оқталмаған мылтық іспетті. Оғы жоқ мылтық—пайдасы шамалы таяқпен тең. Білімсіз мұғалімнің оқушылар алдында беделі болмайды. Қазіргі жаһандану дәуірінде ғаламтор, әлеуметтік желілер, нана технологияның қарышты дамыған заманында оқушылар кез-келген ақпараттарды, кез-келген уақытта дем арада ала алады. Бұл— оқушылар білімінің қарқынды дамуларына ашылып отырған негізгі жол. Осы дәуірде мұғалімге қойылатын талаптардың өзі орасан зор. Өйткені, заман талабының өзі соған итермелеп тұр. Заман талабынан қалып қалса, мұғалім білімінің кенжелеп қалатынында дау жоқ. Соған сәйкес мұғалім өз білімін үнемі жетілдіріп отырғаны абзал.
Келесі кезекте безбенге түсетін үлкен нәрсе—ол мұғалімнің шығармашылық жағынан дамуы. Егер мұғалім заман талабына сәйкес өзін шығармашылық жағынан жетілдірмесе, ол жинақтаған білімінің өзін оқушы санасына жеткізе алмайды. Өйткені оның өткізген сабағы оқушының қызығушылығын оятпайды. Қазақша теңеумен айтсақ, жалпақшешейлік пен жайбасарлыққа құрылған сабақ болады. Бұдан келіп оның сабағынан оқушылардың тартыншақтануы, тіпті, бас тартушылықтары пайда болады. Осы жоғары да аталған үш нәрсенің біреуі кем болса, мұғалім өз пәрменділігін жоғалтады, пәрменділігі жоғалған ұстаздың оқушылар алдында беделінің болуы тағы да неғайбыл. Осыдан келіп пәрменсіз ұстаз—дәрменсіз деген пікір қалыптасады.
Балапан ұясынан ұшарынан,
Темірдің өткірлігі ұстасынан.
Жаһанда ғылым іздеп адам болу,
Шәкірттің білімдісі ұстазынан. деп Омар Хайям айтқандай шәкіртке білім беріп, адамшылық қасиетін қалыптастыру—мұғалім мойнындағы өте ауыр да жауапты жүк. Осы аталған жауапты жүкті ең бірінші арқалайтындар-мектептің ең негізгі іргетасы болып саналатын бастауыш сынып мұғалімдері. Кез-келген ғимараттың іргетасы мықты болмаса, оның құрылысының нашар да сапасыз болатыны рас. Міне, бастауыш сынып жоғарғы сыныпқа апарар іргетас болып саналады.
«Бастауышта алған білім мықты болса, оқушылардың жоғарғы сыныпқа барғанда да алатын білімдері сапалы деген сөз. «
Осы іргетасты қалаушы бастауыш сынып мұғалімдерінің арқалап жүрген міндеттемелері мен жауапкершіліктері жоғарғы сыныпқа сабақ беретін мұғалімдерге қарағанда он есе ауыр десек артық айтпаймыз. Әрине, жоғарғы сыныпқа сабақ беретін мұғалімдер де қол қусырып, қарап отырған жоқ. Ол мамандық иелерінің де өздеріне тән ауырпалығы мен қиыншылықтары бар. Дегенмен де, жоғарғы сыныпта оқитын балалар ақыл-естері қалыптасып, оң мен солдарын таныған балалар.
Бұл балаларға сабақ беретін мұғалімдердің жалпы міндеттері—оларды ары қарай дамыту. Ал бастауыш мектепке келетін балалар негізінен ата-анасының бауырынан енді шыққан, немесе бала бақша ғимаратынан енді аттаған, оң мен солдарын танып үлгермеген, тілдерінің шығып үлгергендеріне не-бары үш-төрт жылдың жүзі болған, мектеп қабырғасына тарыдай болып кірген балалар келеді.
Міне осындай балаларға сөйлеуді, жазуды, сызуды, оқуды, сурет салуды, өлең жаттауды, оң мен солын танытуды, қоғамға бейімделуді, өздерінің адамдық категорияларын ашуды, өздерін, сонымен қатар, өзгені бағалауды, еңбекке баулуды үйрететіндер— бастауыш сынып мұғалімдері. Осы аталған мұғалім міндеттерін сарапқа салсақ, осы мамандық иелеріне физикалық, психологиялық жағынан жүйкелеріне қаншалықты күш түсетіні айтпаса да түсінікті.
Мақаламыздың жоғарғы жағында айтып кеткен үш талапты ескерсек, бұл кісілер осы үш талаптың үшеуі бойынша он есе ізденулері керек екендіктері баршаға аян. Осы тұста ескере кететін бір нәрсе, бала төртінші сыныпты бітіріп, бесінші сыныпқа аяқ басқанда түрлі пәндерден әр-түрлі мұғалімдер береді. Сол кезде ғана дене тәрбиесі, көркем еңбек, ішінара тарих, география, физика, математика сияқты пәндерден ер мұғалімдердің төбелері анда-санда қылтың етіп көріне бастайды, ал бастауыш мектепте сабақ беретін мұғалімдердің арасында ер адамдардың төбелері тұрмақ өздері көрінбейді.
Тіпті ер адамдар жоқ десе де болады. Егер де осы аталған дүниені ескере отырып, іздеу салған күннің өзінде бастауыш мектепте сабақ беретін жүз әйел адамның ортасында бір ер адам шықса, мұның өзі ғылым саласында жауабы табылмас, табиғи феномен болар еді. Осындай өте үлкен жауапкершілікті талап ететін мамандықтан ер адамдардың алшақтап кетуінің өзі неден деген сұрақты төтесінен қойсақ, мұның өзі де феномен күйінде қалып қалмақ. Осындай нардың жүгін батпандап арқалап жүрген, бастауыш сыныпта сабақ беретін әр мұғалімге бір-бір ескерткіш қойса, мұның өзі аздық ететіні-даусыз нәрсе. Өйткені бастауыш мектеп мүғалімдерінің негізгі фунциялары—бастау мен қалыптастыру. Кез келген нәрсені жалғастырудан, бастау қиын.
Дамытудан, қалыптастыру қйын екендігі- табиғи заңдылық. Қазіргі таңда бала білімінің іргетасын қалыптастыру саласында еңбек етіп жүрген аталған мамандық иелері аз емес. Олардың атқарып жүрген жұмыстары мен шығармашылық жолдарындағы ізденістері де ұшан-теңіз. Тіпті кейбіреулері өздерінің өлеңдер жинақтарымен, балалар тақырыбына жазызып жүрген әңгімелері- мен әдебиетке де өз үлестерін қосуда. Білімдері мен шығармашылықтарын танытып, оны тарату үшін атқарып жатқан еңбектері де баршылық. Өздерінің білімдерін безбенге салып, аудан, облыс Республика көлемінде өтіп жатқан, мұғалімдер арасындағы жарыстарға қатысып, бақтарын сынап, жүлделі орындарды да иемденіп жүргендері де жетерлік.
Міне осындай табанды да, қажырлы мамандық иелерінің еңбектерін ескеріп, жазғы демалыс уақыттарында ақысыз демалыс орындарына кемінде он күн демалып, жүйкелерін тыныштандыруға жағдай жасалса, нұр үстіне нұр болар еді. Қорыта келгенде, бала бойына білімнің нәрін сеуіп, кеуделеріне адамдықтың дәнін себетін, білімнің бастауы бастауыштан басталатындығы ол шынайы факт.