МАҚТААРАЛДА ЖАСТАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДА ТҮНГІ РЕЙДТІК ІСШАРА ӨТТІ
Мақтаарал ауданының көлемінде кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықты анықтау, алдын-алу, сондай-ақ, балалар еңбегін пайдалану, балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын-алу, құқықтық сауаттылықты арттыру бойынша рейдттік профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.
Рейдтік іс-шараларға білім бөлімі мен білім беру ұйымдарының басшылары, мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары және жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің ювенальды полиция тобының қызметкерлері тартылуда.
Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар ісі мен жергілікті полиция қызметі инспекторлары мен аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-мен біргелікте бекіткен іс-шара жоспарына сәйкес Мырзакент кенті Жаңа жол ауылдық округінде түнгі рейдтік шаралары жүргізілуде. Басты мақсат – кәмелетке толмағандар арасында орын алуы ықтимал қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу, түнгі уақыттарда ата-анасынсыз үй-жайынан тыс жерлерде, нақтырағы, компьютерлік ойынханалар мен мейрамханаларда болуларына тыйым салу, бала тәрбиесіне немқұрайлылық танытатын ата-аналарды анықтап, тиісті шаралар көру, карантиндік режим уақытында қауіпсіздік және санитарлық талаптарды сақтауға дағдыландыру болып табылатын профилактикалық шара барысында жеке кәсіпкерлерге түнгі 22:00-ден кейін кәмелетке толмаған жасөспірімдерді заңды өкілдерінсіз ғимаратқа кіргізбеу, оларға темекі бұйымдары мен спирттік ішімдіктерді мүлдем сатуға болмайтындығы жайында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілген түнгі рейд барысында тәртіпті бірінші рет бұзып, үй-жайынан тыс жерде заңды өкілдерінсіз жүрген кәмелеттік жасқа толмағандарға ескерту жасалды. Алдағы уақытта тұрақты түрде жүргізілетін рейд барысында екінші рет тағы анықталса хаттама толтырылып, айыппұл салынатындығы қатаң ескертілді.
Айта кетейік, балалардың түнгі уақытта көшеде жүруіне қатысты заңда жауапкершілік көзделген. Ата-аналарға, заңды өкілдерге кәмелетке толмаған балалардың заңды өкілдерінсіз түнде ойын-сауық мекемелерінде немесе үйден тыс жерлерде жүргені үшін кешкі 22.00-ден таңғы 6.00-ге дейін ойын-сауық мекемелерінде анықталса, 3 АЕК мөлшерінде (10350 теңге) айыппұл салынады. Ал түнгі 23.00-ден таңғы 6.00-ге дейін үйден тыс жүретін болса – ескерту жасалынады. Егер ұқсас дерек 1 жыл ішінде тағы қайталанса, 7 АЕК көлемінде айыппұл (24150 теңге) қарастырылған.
Айта кететіні, тек заңды өкілдер ғана баланы аудандық полиция бөлімінен алуға құқылы.