Қазіргі уақытта жасөспірімдердің арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу өзекті мәселе. Құқық бұзушылық — бұл қоғамға зиян келтіретін және заң бойынша жазаланатын қоғамға қарсы әрекет. Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алуда құқытық сана мен құқықтық мәдениетті қалыптастыру негізгі басымдықтардың бірі. Құқытық сана мен құқықтық мәдениетті қалыптастыру қоғамның құқықтық тәрбиесіне тікелей байланысты. Құқықтық мәдениетті арттыру, халықтың құқықтық санасын дамыту – тәуелсіз, демократиялық және құқықтық тұрғыдан сауатты мемлекет құруға ықпал ететін азаматтық қоғамды қалыптастырудың маңызды өлшемдері. Қоғамдағы қылмыс пен құқықбұзушылыққа қарсы күресуі бағытындағы жаңа жүктемелерді толығырақ таныстыру құқық қорғау органдарының міндеті. Осы орайда құқық қорғау органдарының тарапынан түрлі іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр.
Жетісай аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің қызметкерлері және аудандық полиция бөлімінің полиция қызметкерлерімен бірлесе отырып, жастар мен жасөспірімдер арасында қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, беймезгіл уақытта заңды өкілінсіз көшеде жүруін анықтау аясында түнгі рейд өтті.
Іс-шараның мақсаты – Қазақстан Республикасының заңына сәйкес кәмелеттік жасқа толмаған жастардың түнгі 23:00 ден кейін заңды өкілінсіз көшеде немесе ойын-сауық орталықтарында жүруін, құқық бұзушылыққа тап болуын болдырмау. Қазіргі таңда жасөспірімдер арасындағы қылмыстың өршіп тұруы, ата-ананың қарауынсыз қалуы, тәлім-тәрбие мәселелерін қолға алу және келеңсіз жағдайлардың алдын алу.
Іс-шара барысында жастар мен жасөспірімдерге Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің жаңа баптары 127-бап ата-ананың немесе басқа да заңды өкілдердің балаларға тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамауы, 441-бап жекелеген қоғамдық орында темекі шегуге тиым салуды бұзу, 442-бап кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғын жайдан тыс жерде болуға тыйым салынатындығы жайлы ескертілді.
Бүгінгі күнгі қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл мәселе қазіргі таңда көкейтесті мәселелердің біріне айналып отыр, себебі өмірлік қиын жағдайға душар болған жасөспірімдердің саны азаяр емес. Бұл санатқа, көбінесе отбасылық жағдайы нашар, демалыс мезгілі ойластырылмаған, өздеріне өздері бас болып жүрген балалар жатады.
Жалпы, құқық тәртібін бұзуға бейім балалар қайдан шығады? Жасыратыны жоқ, қоғамдық тәртіпті бұзған, қылмыс жасаған, сөйтіп ішкі істер бөлімдерінде есепте тұрған балалардың басым бөлігі жайсыз отбасылардан шығады. Ал енді бір тобы кейбір ата-аналардың бала тағдырына алаңдамауынан, оларды өз беттерінше қалдырып, мектептен тыс уақыттарында немен айналысып жүргендерін қадағаламауынан пайда болады. Сондықтан тәртібі нашар, ішкі істер органдарында есепте тұрған оқушылармен жүйелі жұмыс жүргізуден жалықпау керек сияқты.
«Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп атамыз қазақ айтқандай, бүгінігі жастар еліміздің болашағы. Жастар қоғамымыздың жұрек дүрсілі, өзегі. Есігінен енді аттап отырған жаңа ғасырда ұлтымыздың өсуі де, өшуі де жастарға тікелей байланысты. Сондықтан да білім алушы жастар Отанға деген сүйіспеншілік патриотизм, танымының заңдылықтарын игеру тиіс. Жастар туған мемлекетімізді баянды етуге, қуатын арттыруға, оның игілігіне қызмет етуге парыздар. Ол үшін әрбір жас еліміздің тұтастығын, жеріміздің бүтіндігін, халқымыздың жарастығын аман сақтай білу қаншалықты үлкен тарихи жауапкершілік екенін жан жақты сезіну керек» – деген еді.
Азаматтың міндеті – заң талаптарын бұзбау, екінші жағынан өзіне жүктелген міндетін орындау. Өйткені заң дегеніміз – өмірдің нәрі. Заңның мықтылығы атында емес, адалдығы мен әділдігінде. Заңның ең басты мақсаттарының бірі – қоғамдағы алуан мінезді адамдарды салауатты өмір салтына тәрбиелеу. Заңды білмеу – құқықтық мәдениеттің елеулі кемшілігі. Заңды білмеу, оны бұзу жауапкершіліктен құтқармайды.