ОТЫРАРЛЫҚТАР ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АТАНҒАН ЖЕРЛЕСТЕРІН КҮТІП АЛДЫ
Қазан айының 26-31 аралығында Грузия мемлекетінің астанасы Тбилиси қаласында «UNIFIGHT» спорт түрінен әлем чемпионаты өткен болатын. Аталған чемпионатта әлемнің 24 елінен келген 800-ден аса спортшы бақ сынады. Осы жарыста 65 кг салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған жерлесіміз Ислам Аңламас (классика және лайт бағдарламасы бойынша) әлем чемпионы атанып, мерейімізді үстем етті.
Бүгін әлемдік додада көк байрағымызды биікте желбіреткен жерлесімізді отырарлықтар ерекше қошеметпен күтіп алып, құрмет көрсетті. Алдымен аудан орталығына кіре беріс «Қобыз бен домбыра» кешенінің алдынан спорт саласының ардагерлері мен аудан жастары күтіп алса, аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов ауылдан шыққан чемпион мен оның ұстазы Бауыржан Жайылұлын арнайы қабылдап аудан әкімі Сәкен Сұлтанхановтың алғыс хатын табыстады.
Аудан әкімінің орынбасары өз сөзінде: «Әлемдік додада еліміздің байрағын көкте желбіретіп, қазақ елінің абыройын асқақтатып, мерейімізді үстем еттіңіздер. Сіздердің спорт саласындағы жеңісті жолдарыңыз жалғасын тауып, бұдан да үлкен жетістіктерге жететіндеріңізге сенімім мол»,-дей келе арнайы сыйлықтарды тапсырды.
Кездесу барысында аудандық №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Бауыржан Қияс жергілікті жерде спортшыларға көрсетілген қолдаулардың арқасында жастардың спортқа деген қызығушылығы артып келе жатқанын айта келе, алдағы уақытта бұдан да үлкен жетістіктерге жетуге жұмыс жасайтынын жеткізді.