ЖАСТАР АРАСЫНДАҒЫ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘДЕНИЕТТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУ – БҮГІНГІ КҮННІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕСІ

Түркістан қаласында жастар арасындағы құқықтық мәдениетті қалыптастыру бағытында түрлі профилактикалық шаралар жүргізілуде. Соның ішінде жас балалардың құқығы, ана мен бала құқығы, отбасындағы ана мен әке құқығы, тұтынушы мен кәсіпкер құқығы, жұмыс беруші мен қызметкер құқығы қорғалуда. Олардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында кездесулер өткізіліп, сұрақтарға жауап берілуде. Ақпараттар тарату барысында кезекті керек кеңес айдарында құқықтық сауаттылық пен құқықтық мәдениет тақырыбын мәліметтер жазамыз.

Қазақстан Республикасының құқықтық мемлекет ретінде дамуы әрбір азамат бойына құқықтық құндылықтарды сіңіріп, құқықтық сананы қалыптастырудан көрініс береді. Өркениетті қоғам  үшін қымбат қазына – адам, адамның бостандығы мен өмірі десек, бүгінгі жас ұрпақтың осы қымбат қазынаны бағалай білуі аса маңызды. Сол себептен құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығы да осыдан басталады. Оны қалыптастыру үшін жүйелі де мазмұнды тәрбие қажет.

Мемлекетіміз жастарға құқықтың тәрбие беру ісіне көңіл бөліп келеді. Қазақстан заңдарына терең құрмет сезімін қалыптастыру, оларды сөзсіз сақтау және орындау – ұзақ уақыт тәрбие жұмысын жүргізудің жемісі. Көбіне құқықтық сананың төмендегі, материалдық және рухани игіліктер жайлы түсінбеушілік қоғамға жат қылықтарды туғызатыны сөзсіз. «Адамның құқықтық мәдениеті – күрделі психологиялық құбылыс. Бұл құбылыс қоғамның, мемлекеттің көптеген маңызды салаларында көрінеді. Ең бастысы – адамгершілікті қалыптастыруда орынды тәртіп және мінез-құлық тәрбиесінің жоғары деңгейінде болуы».

Заңдылықты сезіну құқықтық мәдениеттің құрамы екендігін түсіну қиын емес дей келе, заңды білмеу – құқықтық мәдениеттің елеулі кемшілігі. Құқықтық мәдениет жастардың жан-жақты құқықтық білімдерінің болуы керек. Сондықтан, жастардың саяси құқықтық мәдениетін көрсетуде девианттық іс-әрекеттердің мәні мен маңызын түсіну өте маңызды. Қоғам өміріндегі қатынастардың жүйесі түбегейлі өзгеріп жатқан қазіргі заманда, өмірлік тәжірибесі жоқ, әлі толыққанды көзқарасы қалыптаса қоймаған жастар үшін қалыпты тіршілік ағымынан ауытқу оңай. Көп ұлтты тәуелсіз мемлекетті нығайту, өскелең ұрпаққа адамгершілік, патриоттық, азаматтық тәрбие беру біздің баршамызға міндет екенін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Құқықтық тәрбиені ұстаздар қауымы оқушымен қатар ата – аналармен, құқық қорғау органдары қызметкерлерімен, салауаттылық және денсаулық сақтау мекемелерімен, спорттық ұйымдармен, қоғамдық бірлестіктермен бірлесіп, тәрбиенің өзге түрлерімен  байланыстырып жүйелі жүргізер болса, нәтижелі болмақ.

Құқықтық мәдениетті қалыптастыру еліміздің болашағын айқындаушы көрсеткіштердің бірі десек, өскелең ұрпаққа сапалы құқықтық білім мен саналы тәрбие беру ұстаздар қауымынан білімділікті, құқықтық білімдерін үнемі жетілдіруді, нормативтік – құықықтық құжаттармен үздіксіз танысып, жұмыс барысында оларды басшылыққа алуды үрдіске айналдыруды, салалық мекемелермен, отбасымен тығыз ынтымақтастық қарым – қатынас орнатуды және қажырлы еңбекті қажет етеді. Қорыта келгенде, құқықтану материалдары мақсатты бағытталып, жүйелі жүргізілетін болса, онда жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру мәселесі оңтайлы шешімін табатынына сенеміз. Келелі жұмысты атқаруда бала құқығын қорғау, балаға қарым – қатынас мәдениетін көтеру, оның талабын ескеру де нәтиже береді деп ойлаймын.