Еріктілерге ерекше көзқарас қажет
Қайырымдылық, қол ұшын созу – кез келгенді құдайы қонақ деп қабылдайтын, асарлатып текемет басатын, үй тұрғызатын қазақтың қанына сіңген қасиеттер. Бұл бүгінде заманның көшіне еріп, талабына сай түрленіп, волонтерлік деген атауға ие болғандай. Ал волонтер сөзі әлемде алғаш рет 1600 жылы қолданылыпты. Соғыс кезінде майданға өз еркімен сұранып барғандарды солай атаған көрінеді. Кейін келе барлық салаға өз бетімен, ешбір қайтарым күтпей жұмыс істеуді қалайтындарға осы теңеу таңылды.
1970 жылы БҰҰ жанынан «Біріккен Ұлттар Ұйымының волонтерлері» деген атаумен (The United Nations Volunteers – UNV) халықаралық ұйым құрылды. Ол бүкіл әлемдегі еріктілердің басын қосып, олардың қызметін жан-жақты дамытуды көздеді. Сол жылдан бастап әлемнің барлық елінде 5 желтоқсан Халықаралық волонтерлер күні ретінде аталып өтеді.
UNV жыл сайын әлемдегі волонтерлік қызмет туралы есептік баяндама әзірлейді. БҰҰ волонтерлерінің бағдарламасын жүргізетін атқарушы коор-
динатор Оливье Адам 2018 жылғы қорытынды баяндамада ұйымға мүшелік ететін 17 елдің ұлттық баяндамалары мен саяси стратегияларында волонтерлік туралы айтылғанын жазады. Соның бірі Қазақстан деуге толық негіз бар. Өйткені жыл басында жарияланған Жастар жылында еріктілерге ерекше көңіл бөлу қолға алынды. Бірақ бұл қолдау мемлекеттік деңгейде биылдан басталды деген сөз емес. Мәселен, 2016 жылы елімізде Волонтерлік қызмет туралы заң қабылданды. Одан әріге үңілсек, Қазақстан 2002 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының «Халықаралық волонтерлер жылы» (A/RES/57/106) жөніндегі резолюциясына демеушілік еткен.
Өзін ерікті санамайтын еріктілер
2010 жылы құрылып, 2012 жылы ресми тіркелген Ұлттық волонтерлер желісі 4 жыл бұрын Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ауқымды зерттеу жүргізіп, нәтижесінде аналитикалық баяндама шығарған. Сол еңбекте келтірілген «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының сауалдамасына жауап бергендердің 82,3 пайызы соңғы жыл ішінде ұйым, топ құрамында немесе жеке түрде басқа адамдардың немесе қоғамның игілігі үшін қандай да бір тегін жұмыс істемегенін жеткізген.
Ал құрамына 17 өңір, 36 қаладан 56 ұйым мен бастамашы топтар кіретін Ұлттық волонтерлер желісінің атқарушы директоры Татьяна Миронюк осы жылдар аралығындағы еріктілік қызметпен айналысушылардың қатары артпаса азаймағанын айтады. «Қайырымдылық үнсіздікті ұнатады» деген ой, ұстаным – біздің халықтікі. Қазақстандықтар көбіне жақсылықты айтпай жасауды жөн көреді.
Қамқорлық танытып, еш өтеусіз жұмысқа жегілсе де оны волонтерлік демейді. Сондықтан еріктілер елімізде өте көп. Ұйымымыздың соңғы зерттеуінше, Қазақстандағы әрбір сегізінші адам волонтерлік қызметпен шұғылданады яки өмірінде бір рет болсын айналысып көрген», дейді Т.Миронюк. Оның ойынша, волонтер болу – кез келген жомарт жүректі жанның қолынан келетін іс. Алайда оған да белгілі бір біліктілік, өмірлік тәжірибе қажет. Мәселен, қарапайым көшетті отырғызу үшін де сіз алдымен оны қалай отырғызуды үйренуіңізге тура келеді. Сол секілді волонтерлік қызметпен айналысқысы келетін адам оған қатысты заңды, бірқатар пайдалы ақпараттарды ойға тоқып алғаны абзал. «Біз осындай талаптарды қанағаттандыру мақсатында әдістемелік құрал әзірледік. Онда волонтердің нені білуі керектігі, еріктілерге қатысты ұйымды құруда қандай кедергілердің кездесетіні, журналистермен қалай байланыс орнатуға болатыны жөнінде жазылған. Сондай-ақ бұл кеңес кітапшасы волонтерлердің арқасында үш тілде (қазақша, орысша және ағылшынша) басылып шықты», деген Татьяна аталған еңбектің Қазақстан еріктілері үшін орасан олжа екенін атап өтті. Өйткені бұл қызмет туралы қазақ тілінде жазылған әдістемелік құрал жоқтың қасы.
Қоғамнан мінберге дейін
«Еріктілер лигасы» қоғамдық ұйымының төрайымы Айсұлу Ерниязова Жастар жылының ашылуында қазақстандық волонтерлердің ортақ базасын құруды және «Ashyq Júrek» қайырымдылық жобасын жүзеге асыруды ұсынды. Нақ осы екі ұсыныс та қолдау тауып, жоба да, база да өз жұмысын бастап кеткен. «Алматыда құрамына 600 ерікті енген база құрдық. Олар ойға алған істерді жүргізуге көмектеседі. Жоба бойынша жұмыс істегісі келетін әрі мұқтаждарға көмектесуді қалайтын волонтерлер бізге күн сайын келеді. Бізде волонтерлердің ғана емес, көмек қажет ететіндердің де қоры бар», дейді А.Ерниязова. Оның айтуынша, аталған жоба Otbasym, Shabytym, Tabysym, Qazynam, Qulynym, Kúsh-qýatym және Ólkem секілді 8 салаға бағытталған. Бұл бағытқа көп балалы және аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету, студенттерге тәжірибе алаңын ұйымдастыру, саламатты өмір салтын, сондай-ақ медициналық волонтерлікті дамыту, ерекше қажеттіліктері бар адамдарды әлеуметтендіру, баспана жағынан қолдау, ардагерлерге көмек пен экотуризм кіреді. Айсұлу биылғы мамырда Қостанайда өткен Қазақстан-Ресей жастарының форумында волонтерлердің алдағы жылды еріктілер қозғалысын қолдау жылы деп жариялауға ұсыныс жасағанын жеткізді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастамаға қолдау білдірген.
Түрлене түскен волонтерлік
Осы күні елімізде 200 волонтерлік ұйымдар ірі қалалар мен ауылдарда белсенді жұмыс істейді. Сарапшылардың сөзіне сенсек, Қазақстанда әлеуметтік, іс-шара кезіндегі және жануарлармен жұмыс істейтін, сондай-ақ ұлттық бағыттағы волонтерлік қызмет жақсы дамыған әрі қалыптасқан. Соңғы уақытта төтенше жағдайларда білек сыбана кететін еріктілер қатары көбейгеніне куәміз. Оның айқын дәлелі – Арыс оқиғасы. Ондағы ешбір өтеусіз еңбек етіп, өздері далада қонса да жарылыстан қашқандарға төрінен орын ұсынған әрбір адамды, бүкіл жасақ болып барып жұмыла жүк көтеріскен жандардың бәрін волонтер деуге болады. Одан әріге көз тастасақ, елордадағы ашық қалған кәріз құдықтарына түсіп кеткен балалардың басым бөлігін волонтерлер тауып алған. Мәселен, жақында ғана балалар үйінен қашып шыққан жеткіншекті де еріктілер тапты. Ал онлайн волонтерлік қызметті жақсылап қолға алу қажет-ақ. Ақпараттық қоғамда көп жұмыс онлайн режімде атқарылатыны анық. Бір ерекшелігі, онлайн волонтерлік әлемнің әлдебір қиырында жатып-ақ жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Айталық, қазақстандықтар шетелдік, халықаралық ұйымдардың еріктілері бола алады.
Даму – қолдауға тәуелді
Еріктілердің ерекше қызметін қоғамда дамыту үшін ондағы бірқатар түйткілдердің түйінін тарқату керек. Қоғам волонтерлер туралы өте аз ақпараттандырылған, сондықтан да мұндай қызметке атүсті қарайтындар бар. Қайтарымсыз жұмыстың жемісін бағаламау да, оларды қолдаусыз қалдыру да осы насихаттың жоқтығынан туындап тұр. Осыдан келіп волонтерлердің ел дамуындағы рөлі, еріктілікке ынталандыру, волонтерлік мәдениет туралы таным, түсінік қалыптаспаған. Т.Миронюк соның ішінде волонтерлермен қарым-қатынастағы мәдениеттің жетіспеушілігіне тоқталғысы келеді. «Кейбір іс-шараларда ұйымдастырушылар еріктілердің кім екенін білмейді, дөрекі сөйлеп, қызмет көрсетуші персонал ретінде қабылдап жұмсайтындарды жиі жолықтырамыз. Қандай да бір жобаның жетекшілері еріктілердің қызметін дұрыс үйлестірмейді. Жағдайды түзетуге волонтерлер қозғалысының кешенді дамуы ғана көмектеседі», дейді ол.
Ал бұл қадамдар мемлекеттік саясатта айқын көрсетіліп, сол жолда нақты әрекеттер қолға алынғанда ғана нәтиже болады. Волонтерлік қызметке жастардың қызығушылығын арттыру бағытында алғышарттар жасалып үлгерді. Соның бірі – ерікті студенттердің стипендиясын көбейту. Алайда қоғамдағы волонтерлік қызметті дамытуға бұл шара жеткіліксіз екені рас. Себебі әлемдегі жас ерекшелігіне шектеу қоймайтын қоғамдық қызметтердің алдыңғы қатарында тұрғаны, осы – волонтерлік. Сондықтан оқушыларды мектеп кезінен осындай пайдалы іске ынталандыру жұмыстары жүргізілуі тиіс. Ал өз жұмысымен қоса қайырымдылықпен айналысуды әдетке айналдыратындарды қалай қолдауға болады? Мәселен, түйіндемеде волонтерлік қызметпен үнемі шұғылданатындығын көрсеткендерге жұмысқа алу кезінде басымдық берілсе немесе айлығын өзге әріптестерінен ерекшелеп көтермесе де, қоғамдық қызметпен айналысу мүмкіндігінен айырмаса болады. Еңбек жасындағылар ғана емес, бізде де белсенді зейнеткерлер бой көрсетіп келеді. Олардың еңбегін өтеусіз қалдырсақ та, ескерусіз қалдыруға болмас. Мысалы, зейнет жасына қарамастан ерікті болып жүрген жандарға 1-2 апта көлеміне шипажайға жолдама беруді немесе сауықтыру орындарында белгілі бір уақытқа тегін абонемент қарастыруға болады. Алайда айтылған ерекшеліктер белгілі бір заңдық күші бар құжатта көрсетілмесе, сөз күйінде қалатыны тағы бар.
Ерекше қызмет қоғамның өз ішінде дамып, кейін келе кең өріс тапты, сондықтан оның одан әрі де қанат жаюы сол қоғамның өзіне тікелей байланысты болмақ. Десе де мемлекет тарапынан еңбектің ақшалай ғана емес, моральдық тұрғысынан бағаланғаны ләзім.
Волонтерлік қызмет – өз еркіңмен баратын жүректің жұмысы. Жүректің жұмысы жанданса, қоғам өркениетке өздігінен-ақ қадам басар еді.