Волонтерлік – ақжүрек қызмет

«Волонтерлік» ұғымы латын тілінен аударылғанда – voluntarius «ерікті» мағынасын білдіреді. Волонтерлер (еріктілер) алуан түрлі қызмет үлгісін көмек ретіндегі көрсетеді. Қызмет тегін жүзеге асады. Кез келген адам еркіне қарай волонтер бола алады. Егер өзіңіз не серігіңізбен айналадағы қоқысты жинасаңыздар, экологиялық волонтерлік деп атауға болады. Демек волонтерлық қызмет – елдің әлеуметтік, мәдени, экономикалық және экологиялық дамуына әсер ететін күш.

Кеңінен таралған волонтерлік қызметтер:

* Қоршаған ортаны сақтау: қорықтарды, өзен-суларды, жан-жануарларды аңшы-балықшы-броконьерлерден қорғау қызметі

* Табиғи және әскери апат кезінде жапа шеккендерге көмек көрсету: психологиялық жәрдем, сауда-саттықпен көмектесу, тамақ дайындау, бұзылған объектілерді қайта қалыпқа келтіру, жоғалғандарды іздестіру, медициналық қолдау.

* Табиғи және техногенді апат алдын алу: адамдарды қауіпсіз аймаққа көшіру.

* Білім беру саласын, инновацияны және ғылымды дамыту: мектепте, балабақшада, колледж, университет және түрлі кәсіби клубтарда қызмет ету.

* Тарихи және мәдени ескерткіштерді сақтау: нысанды қалпына келтіру жұмыстарына ат салысу.

* Маңызды іс-шаралар ұйымдастыру: спорттық, мәдени, білім беру саласындағы шараларға қатысу.

* Мүмкіндігі шектеулі жандардың ішкі потенциалын ашу: көрме ұйымдастыру, шеберлік сыныптарын өткізу.

Қайырымдылық және волонтерлік қызметті дамытуды ақпараттық қолдау және түсіндіру барысында жас волонтерлер атынан массагеттік блогер Назым Сапаровадан сұқбат алдық. Ол алғашқы тегін қызметі – волонтерлігі жайлы былай сөз бастады.

«Студент атанбас бұрын түрлі сериал көріп, үлкен қаладағы өмірді басқаша елестетіп Алматыға келдім. Өкінішке қарай, ортақ құндылыққа бағытталған өзіме ұнайтын орта таба алмадым. Сосын оқушы кезімде ұйымдастырған жобаларды, интернатта кіші сыныптың қыздарының шашын өріп, сабағына көмектесетінім еске түсті. Оның тегін әрі волонтерлік екенін білмедім. Интернатта бәрі бір-бірімен бауыр ғой. Содан 1-курста үлкен жобаларға бізді массовкамен апаратын еді. Сол жерде жүрген еріктілердің жұмысы мені қызықтырды. Арнайы лигаға кіргім келмеді. Өйткені олар барынша барлық жобаны қамтиды. Ал мен өзіме ұнайтын жобаларға қатысқым келетін. Алғашқы волонтер болған жобам — TEDxAlmaty. Мен ол кезде 2-курс оқимын. Конференцияға екі ай дайындалдық. Тіпті болатын күні ұйықтамай 2 күн жүрдік. Оған арнайы өтінішпен өттім. Кейін almaty marathon-ға өтініш беріп, тағы да ерікті болдым. Былтыр карантинде ауылда болдым. Ауыл балаларына сабақ бердім».

– Қазіргі жаңалығың қандай?

Ал биыл ЮНИСЕФ-тің Be Kind жобасының буллинг және кибербуллингке байланысты онлайн форматта оқушыларға сабақ беріп жүрмін. Жоба жақында аяқталады. Бұл жобалар өмірімде менің қызығуышылығым мен болашақ мамандығыма тікелей қатысты. Биыл оқу бітіріп, қолыма диплом аламын. Мамандығым мұғалім болғандықтан оған алдымен жан-жақтылық қажет.

– Сен үшін волонтерлік деген не?

– Волонтер болу – алдымен қоғамды сәл де болсын өзгертуге қадам. Әр адам өмірден негатив көре бергенше, “менің қолымнан не келеді?” деп сұрақ қойғаны жөн. Күніне бір сағат қоғамға тегін жұмыс істеу — әр адамның азаматтық борышы болуы керек деп ойлаймын. Иә, тегін жұмыс істесеңіз де, кейін жинаған тәжірибеңіз сізге екі еселеніп көмектеседі.

Әлемге жақсылық нұрын шашу – өз қолымызда. Бұған кейіпкеріміз Назымның «волонтер болу – алдымен қоғамды сәл де болсын өзгертуге қадам» дегені тұздық. Ақысы қайтпайтын жұмыс деп емес, көп тәжірибе мен керемет адамдармен тіл табыстыратын, жаңа бастамаға апаратын ғажап жол деп ұққан абзал.

Қатарға қосыл, жас ерікті!

Г. Берік