ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕМІЗДІҢ АЛДЫНДАҒЫ МАРАПАТТАР
Құрметті достар, менің мақтанайын деген ойым жоқ еді,алайда мақтанарлық жағдай орын алып,қуанышты болуыма байланысты бір өзімше мақтанып,сіздермен бөліскім келді.
Алдымен,биылғы жылдың 1 шілдесі мен 1 қыркүйегі аралығында ҚР Мәдениет және Ақпарат министрлігі республикалық, салалық және өңірлік деңгейдегі әлеуметтік міндеттерді шешуге үлес қосқаны үшін үкіметтік емес ұйымдарға бюджет қаражаты есебінен сыйлықақы беру конкурсын жариялауына байланысты өзім басқарып отырған «Бітімгер» медиаторлардың қоғамдық бірлестігінің қызметтік мәліметтері мен тиісті құжаттарын конкурс талабына сай өткізген болатынмын.
Осыдан соң ағымдағы жылдың 25 қыркүйегі мен 2 қазан аралығында ҚР Мәдениет және Ақпарат министрлігінің қолдауымен Қоғамдастық түріндегі «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің ҚР-да Тәуелсіздіктің қалыптасуына және елімізде азаматтық қоғамның дамуына үлес қосқан үкіметтік емес ұйымдарды тану мақсатында жариялаған «Таңдау» республикалық конкурсына да талапқа сай «Бітімгер» медиаторлардың қоғамдық бірлестігінің тиісті құжаттарын өткіздім.
Қазақстанның Ұлттық мерекесі — Республика күні қарсаңында Астана қаласында өткен Қазақстанның ХI Азаматтық форумы аясында жоғарыда аталған конкурстардың қорытынды нәтижелері жария етіліп,конкурстық комиссиялардың шешімдеріне сәйкес алдымен «Бітімгер» медиаторлардың қоғамдық бірлестігі «Таңдау» республикалық сыйлығының «Адам құқықтары мен азаматтық бостандықтарды ілгерілету» номинациясы бойынша лауреат атанып,маған атаулы лауреат дипломы мен естелік мүсінше табысталды, сонан соң бірлестік «Азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, заңды мүдделерін қорғау» номинациясы бойынша Үкіметтік емес ұйымдарға арналған сыйлықақы лауреаты атағына ие болып, маған атаулы лауреат дипломы берілді.
Бақытжан БЕЙСЕМБАЕВ, «Бітімгер» медиаторлардың қоғамдық бірлестігінің басшысы