Еңбексүйгіштік. Кітапханашының қоғамдағы орны мен беделі

Бүгін Сауран ауданында «Farab» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен «Ақпараттық мәдениет – кітапханашы, оқырман, кітап» атты Түркістан облыстық кітапханашылар слеті өтті.
«Кітап – алтын қазына» десек, кітапхана іші қазынаға толы алтын сандық іспеттес. Тағылымы мол тәрбие ошағы саналатын кітапхананың алар орны орасан зор. Өкініштісі, интернет дамыған заманда кітапхананың оқырман саны азайып, соның көлеңкесінде қалып бара жатқандай.  Шараға Облыстық мәдениет және туризм басқармасының Тарихи-мәдени құндылықтарды қорғау бөлімінің маманы Нұрдәулет Сұлтанбек, «Farab» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова және 17 аудан-қаладағы кітапхана делегациялары қатысты.
Шараның ашылуында басқарма өкілі Нұрдәулет Келдібекұлы слеттің маңызына тоқталып өтті. Облыстық кітапхана басшысы Жанат Шардарбекова аталмыш шараға модератор болып, жалпы облыс кітапханалары туралы, сонымен қатар ондағы күрделі мәселелер мен даму жағдайы туралы атап өтті. Сондай-ақ кітапханашының қоғамдағы орны мен беделіне тоқталды. Кітапханашылардың көбі пайда болған дағдарысқа бейтарап қарап, белсене қатысуға қалыс қалып жатады. Кітапханашылардың күнделікті орындайтын жұмыстары өз мамандығының шеберлікті жете меңгеруді талап етпейтіні кездейсоқтық емес. Бас мамандардың, әр категориядағы кітапханашылардың жоғары оқу орындарында және мамандықты көтеру жүйесіндегі алған білімі қазіргі талапқа сай емес. Кез келген оқу орнындағы кітапханалардың өзіндегі әдістемелік орталықтар өз алдына қызметкерлердің барлық категориясының мамандығын көтеруді қамтамасыз ете алмайды. Қазіргі күнде кей кітапханаларда қаржының тапшылығынан әдістемелік бөлімдер тек ауызша, жазбаша түрінде ғана көмек көрсете алады. Сол себепті жаңа ойлар, идеялардың қосылуы үшін кең түрде басқа кітапханашылармен тәжірибе алмасуы, танысуы, қарым-қатынаста болуы маңызды. Әсіресе, кітапхана мамандығын көтеруде конференцияларға, дөңгелек үстелдерге, әр жүйедегі кітапханалардың семинарларына қатысу қажет.
Шара барысында түрлі тақырыпта аудан-қаладан келген өкілдері баяндама жасап, атқарылған жұмыстар тыңдалды. Сонымен қатар алдағы жоспарлар таныстырылды. Келелі мәселелер қозғалып, ұсыныстар берілді. Тренинг негізінде ойындар ойнатылды. Кітапхана басшысы негізгі жиыннан соң бірқатар кітапханашыларға алғыс хат табыстады. Шарадан соң слетқа қатысушыларға “Укаша ата” кесенесіне зиярат ұйымдастырылып, ас берілді.