«ЕҢБЕК АДАМЫ». «ПСИХОЛОГИЯ — ЖАН ДҮНИЕНІҢ ЕМШІСІ»

ХХІ ғасырда түрлі жаңалықтар көбейіп, адамы мен заманы көптеген өзгерістерге тап болған дәуірде, психолог мамандығы өте қажет екені белгілі. Адам баласының жан дүниесін терең түсініп, өміріне ықпал ете алатын бірден бір ғылым ол – психология. Бұл ғылымның мәнділігі бойынша өзге еңбекпен салыстыруға болмайды, өйткені ол еңбекің нәтижесі – адам. Психология сөзі грек тілінен аударғанда «жан» және «ілім» деген екі түсінікті береді, яғни жан туралы ғылым. Сондықтан психологты қарапайым тілмен айтқанда адам жанын танып білуіне көмектесетін маман деуге болады. Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде. Сонан тапқан шын асыл, тастай көрме, — дейді Абай. Өз болмысын зерттеу — қай кезде де өзекті болған. Бәріміз де ашуланамыз, жұрт не дейді деп ойлаймыз, өзгелердің көңілінен шығуға тырысамыз, бәрі қалыпты жағдай. Бірақ осындай сезімдер шегінен шығып, қалыпты өмір сүруге кедергі келтіріп, жанымызды мазалай бастаса ше? Психологтың міндеті осы мәселелердің себебін анықтап, жайсыздықты жеңуге көмектесу.Кәсіби білімі бар психолог жағдайды тереңірек түсінеді, адамның қалаған нәрсеге қол жеткізуіне не кедергі болатынын анықтайды.
«Ал Ерекше туылған балардың жанын емдеу екі есе қиын жұмыс» дейді біздің кейіпкеріміз Ибашева Шахноза Райымжанқызы. Ол Түркістан облысы Сауран ауданы Әлеуметтік көмек көрсету орталығында психолог маманы болып жұмыс жасайды. Мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жасап келе жатқанына бір жылға жуық уақыт болыпты. Осы уақыт ішінде кейіпкеріміз «жай адамдармен орталықтағы ем қабылдап жүрген балалардың айырмашылығы жермен көктей, мұндағы балалармен жұмыс жасау ерекше тәсілмен күшті талап ететініне көзім жетті» дейді.
Психология – бұл адам жаны туралы ілім. Адами қарым-қатынас, адами құндылықтар, адамның рухани білімі – психологияның қарастыратын мәселелері. Ал енді қазіргі таңда бұл мамандықтың елімізге қажеттілігі туралы айтатын болсақ, бұл өте күрделі сұрақ. Жауабын сіз бен біз таба білмейтін сұрақ. Дегенмен көш соңында қалдық, батыс пен таяу шығыстан жырада қалдық, бұл мамандықтың артықшылығын түсініп жатқан жоқпыз десем, үлкен ағаттық жасаған боламын. Дегенмен, тәй-тәй басып, адымын ақырындап аңдап басып оң бағытта келе жатыр десек дәл айтқанымыз. Үйренеріміз бен білеріміз әлі алда. Десе де, 21 ғасырда қажет мамандықтың бірі – осы психолог маманы. Деңгейі күрт өспесе де, алға қарай дамып келеміз. Былдырлаған бүлдіршіндер тәлім алатын балабақшалардан бастап, ұлы тұлғалар қызмет ететін ірі-рі мекемелерде арнайы психолог мамандар жұмыс істеуі психология мамандығының қажеттілігі зор, мәртебесі биіктеп келетініне дәлел. Шынтуайтына келгенде, психолог кез-келген кісінің оқиғасын тыңдап, жан дүниесімен түсініп, қолынан келер көмегін аямайтын тұлға. Өмірден түңілген жан болса, болашақ ғұмырына қызуғушылық отын жағып, тірліктің ақ пен қарадан тұратынын, ары қарай қадам басу керектігін ұғындырып, жарқын жаққа жол сілтейді. Сондықтан, психология – ешқашан өлмейтін, өшпейтін, қайта күн санап мәртебесі арта беретін болашақтың мамандығы деп есептеймін. Өзімнің де осы мамандықты таңдағаныма еш өкінішім жоқ, себебі әр таңды көңілді әуен, жағымды ойлармен қарсы алып, адам баласына тек жақсылық, ізгілік тілеймін. Ал болашақ тізгінін ұстайтын ұрпағымызға мамандық таңдауда қателеспей, жүрек қалауымен алға қарай ұмтылуларыңызға шын жүректен тілектеспін.
Маман балаларға тренингтер өткізіп, жеке жеке сұхбат құрып, ойлау қабілеттерін дамытатын ойындар ұйымдастырады. Тұйық, оқшауланып қалған балалармен жеке сөйлесіп олардың қызығушылықтарын біліп талантын ашуға тырысады.
«Баланың жағдайына кіріп олармен өзіңді тең ұстасаң ашылып сөйлеседі, тек оларды түсіне білу қажет» дейді Шахноза Райымжанқызы
Елімізде жыл сайын мыңдаған адам өмірден баз кешіп, өз-өзіне қол жұмсайды. Оның ішінде жастардың үлесі көп. Көңілге кірбің салатын дерекке назар аударсақ, мұның алдын алу үшін психолог мамандардың жәрдемі қажет екенін көреміз. Сондықтан қоғамға психолог маман қажеттілігі жоғары. Ал кейіпекеріміз секілді өз ісіне жауапты, еңбексүйгіш мамандар тіпті қажет.