РЕСПУБЛИКА КҮНІ — МЕМЛЕКЕТІМІЗДІҢ, ЫРЫС, ЫНТЫМАҚТЫҢ МЕРЕКЕСІ

«Бал Текстиль» ЖШС-і директоры, қалалық мәслихаттың депутаты, Талғат Ысқақов:

Бүгінде еліміздегі мыңдаған адамдарға жұмыс беріп, нәпақасын айыруға қызмет етіп отырған серіктестік осы жақсы күндерін Отанымыздың қолдау көрсетуімен байланыстырады.
Атап айтсақ, «Бал Текстиль» фабрикасының Қазақстан бойынша 400-ден астам серіктесі бар. Олар да ірі кәсіпкерлер. Мегаполиске жасаған іс-сапарында серіктес компания өкілдері фабрика жұмысымен, жаңа кілем топтамаларымен танысты. Олармен болған басқосуда 10 жыл ішінде жеткен жетістіктер, жаңалықтар мен өзге де өзекті мәселелер талқыланды.

«Бал текстильдің» алғашқы өнімі 2013 жылдың қазан айынан бастап шыға бастаған. Бірінші кезде өндіріс ошағында 4 кілем тоқу станогы болған. Өндіріс көлемі артып, шығарылған өнім саудасы пайда әкелудің нәтижесінде, кәсіпорын қуаттылығын едәуір ұлғайтты. Соның есебінен станоктар саны 16-ға көбейді. Сонымен қатар 2015 жылы қосымша полипропилен жіп өндіру цехы іске қосылса, 2023 жылы жіп өндірісі екі есеге артты. Бүгінде өндіріс қуаты 6 млн шаршы метр кілем, 7 500 тонна полипропилен жібін өндіретін дәрежеге жетті. Қосымша 2020 жылдан бастап «Бал декор» атты жаңа заманауи принт-кілемдер өндірісі іске қосылды.

— Біздің мұндай биік дәрежеге жетуімізге Отанымыздың қосқан үлесі зор. Мемлекет тарапынан қолдау болмаса кәсіпкерліктің өрісі тар, адымы қысқа болар еді.
Біздің фабрика жүздеген серіктестіктермен бірлесіп, мыңдаған адамдарға жұмыс тауып беріп отыр. «Егемен болмай ел болмас» деген қанатты сөз бар. Біз бұл биікке тәуелсіз Қазақстанымыздың қанаттандыруымен, дем беруімен жеттік. Ендеше, баршаңызды егемендік декларациясы қабылданған күн– Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын, — дейді қалалық мәслихаттың депутаты Талғат Ысқақов.

#Республика_күні
#БізҮшін