“ШАЯН” ГАЗЕТІНЕ — 20 ЖЫЛ!
Күні кеше Бәйдібек ауданы, Шаян ауылында «Шаян» газеті редакциясының жаңа ғимаратының лентасы қиылды.
Аталмыш газетке биыл 20 жыл толып отыр. Газеттің алғашқы саны 2003 жылдың 30 сәуірінде «Шаян елі – шежірелі өлке. Әулиелі жер» деген тақырыппен жарық көрген болатын. Жиырма жыл ішінде еліміздің, оның ішінде ауданымыздың қол жеткізген елеулі жетістіктері, әлеуметтік-экономикалық дамуымыздың жарқын көрсеткіштері «Шаян» газетінде жан-жақты көрінумен келеді. Газеттің негізін қалаған Абзал Әлішерұлы беріге дейін аталған газетке редакторлық етті. Қазіргі таңда оқырмандар арасында тұрақты орнын қалыптастырған «Шаян» тәуелсіз газетіне жас журналист Ұлан Абзалұлы басшылық жасап отыр.
20 жылдық тарихы бар «Шаян» тәуелсіз апталық газеті бүгінгі күні өздерінің жаңа ғимаратына қоныс аударып отыр. Салтанатты кеште облыстық мәслихат депутаты Дулат Әбіш, аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Берік Тұрлыбеков, аудандық мәслихат төрағасы Асхар Кенехан мен ардагер-ұстаз Қарашаш Есенбекқызы және Комсомол ардагері Мырзалы Сейдалиев редакцияның лентасын қиды.
Газет ұжымының қуанышы мен қызықшылығын бөлісуге келген қонақтар жаңа нысанның ішін аралады.
Шараға арнайы қатысқан аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Берік Тұрлыбеков басылымның негізін қалаған Абзал Әлішерұлы мен қазіргі уақытта редакторлық етіп отырған Ұлан Абзалұлына және газет ұжымына 20 жылдық мерейтой қарсаңында шығармашылық табыс тілеп, облыс, аудан басшыларының құттықтау хатын табыс етті.
Салтанатты шарадан кейін «Қажы ана» дәмханасында құран оқытылып, ас берілді.
Іс-шара барысында газеттің 20 жылдық тарихы жайлы бейнеролик көрсетілді.
«Шаян» газетінің 20 жыл толуына орай облыс, аудан басшылығы тарапынан құттықтаулар жолданып, соның бірқатарын жариялап отырмыз.
Құттықтау-тілек!
«Биік белестерді бағындыра беріңіздер!
Құрметті «Шаян» газетінің ұжымы!
Сіздерді басылымның алғашқы санының жарыққа шыққанына 20 жыл толған мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!
2003 жылдың 30 сәуір күні газеттің алғашқы саны «Шаян елі — шежірелі өлке. Әулиелі жер» деген ұран-сөзбен жарық көрген болатын. Газет шығарудың қаншалықты қиын екенін тек осы салада еңбек етіп жүргендер ғана түсінеді. Газетті аяғынан тік тұрғызуда, қаржылық қиыншылыққа қарамастан басылымның үздіксіз жарық көруіндегі газет ұжымының еңбегі үлкен.
Тәуелсіздік жылдарында ауданымыздың қол жеткізген елеулі жетістіктері, экономикалық-әлеуметтік дамуымыздың жарқын көрсеткіштері «Шаян» газетінде жан-жақты көрінумен келеді.
Жаңа тұрпатты тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуынан бүгінгі қазыналы керуеніне дейінгі зор жетістіктерді, жалпыұлттық идеяға айналған «Мәңгілік ел» мұратын халыққа жеткізуде басылымның шығармашылық шыңы алда да биік болатынына сенім мол.
Газет ұжымына шалқар шабыт, шығармашылық табыс, құт-береке тілеймін! Мерейлеріңіз әрдайым үстем болсын!
Берік ТҰРЛЫБЕКОВ, аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы».
«Құрметті «Шаян» газетінің ұжымы!
Қадірлі Абзал Әлішерұлы!
Сіздерді «Шаян» газетінің құрылғанына 20 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын!
Ахмет Байтұрсыновтың «Газет — халықтың көзі, құлагы һәм тілі» деген өміршең сөзі бар. Қазіргі таңда, ақпарат алмасудың заманауи тәсілдері өте көп. Дегенмен, газет оқу мәдениеті — қашан да талғамы жоғары оқырманның талабы. Шынайы ақпарат. Байыпты сараптама. Нақты тұжырым. Таңбаланған тарих.
2003 жылы «Шаян» газеті болып құрылып, осы бағытта атқарған тынымсыз еңбектеріңіздің нәтижесінде Сіздер «Бәйдібек ауданының айнасына» айналып, жаңалықтардың жаршысы болдыңыздар.
Осы уақыт аралығында егемен еліміздің ертеңі үшін жұмыс жасап, тың идея, түрлі ақпараттық және танымдық шығармашылықтарыңызбен оқырмандарыңызды қуантып келесіздер.
Сіз басқарып отырған ұжымның Президентіміздің саясатының жүзеге асырылуы мен экономикалық даму көрсеткіштерімізді, ел абыройын асқақтатар спорт пен мәдениеттегі жетістіктерімізді, руханиятымызды халыққа жеткізу жолындағы еңбегі орасан зор.
Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, жаңа шығармашылық табыстар мен жетістіктер тілеймін!
Бейсен ТӘЖІБАЕВ, Түркістан облысы әкімінің орынбасары».