ТҮРКІСТАНДА ӨТКЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАЗАҚ ӘНДЕРІ ФЕСТИВАЛІНІҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

Түркістанда «Voice of Turan-2023» халықаралық қазақ әндері фестивалі өз мәресіне жетті. Екі күн бойы әлем елдерінен келген қатысушылар бақ сынап, Түркістан аспанын әнге бөледі. Жеребеден соң, байқау шартына сәйкес бірінші күні Еуропа мен Азия әншілері қазақ өнерінің шеберлерімен бірге дуэт орындады. Ал екінші күні өз таңдауындағы қазақ әнін шырқап, сынға түсті. Сондай-ақ фестиваль барысында продюсер Мейіржан Алиакбаровтың ұйымдастыруымен түркістандық «Таңба» фольклорлы тобының тұсауы кесілді.
Жеңімпаздарды Төлеген Мұхамеджанов, Сәкен Майғазиев, Маржан Арапбаева, Мөлдір Әуелбекова, Нұржамал Үсенбаева, Алтынай Жорабаева, Мадина Сәдуақасова, Ардақ Балажанова, Қалқаман Сарин, Нұрғиса Дәуешов, Мархаба Сәби сынды шығармашылық интеллигенция өкілдері, танымал орындаушылар, композиторлар мен продюсерлер бар кәсіби қазылар алқасы анықтады.
Байқау қорытындыса сәйкес, барлық қатысушыға қатысқаны үшін арнайы сыйлықтар мен гүл шоқтары табысталды. Қазылар алқасының шешімімен Лаэлия Алиева (Әзербайжан) биыл төртінші рет ұйымдастырылып отырған жобаның бас жүлде иегері атанды. Жүлделі І орын Татьяна Ефремеоваға (Татарстан), ІІ орын Маргарита Шибаеваға (Беларусь), ІІІ орын Анри Гучмаидже (Грузия) мен Лоуйс Мелге (Испания) бұйырды. Ал Атие Чига (Түркия) «Ең үздік өңделген ән» номинациясымен, Грейдэр Варона (Куба)«Көрермендер көзайымы» номинациясымен марапатталды. Кристиян Янкулов (Болгария), Зайнетдин (Башқұртстан), Солонарь Валерий (Молдова) байқаудың арнайы дипломанты атанды.
Айта кетейік, Түркістан облысының 5 жылдығына және Республика күніне орай, облыс әкімдігінің қолдауымен облыстық мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен өткен фестиваль мақсаты – төл музыканы, қазақстандық авторлардың үздік шығармаларын, қазақ тілін насихаттау. Ән арқылы әлемге халқымыздың музыка мәдениетінің сан алуандылығын паш ету. Ұлы Дала елінде туындаған шығармаларда айқын сақталған музыкалық ерекшеліктерді көрсету. Түркі әлімнің рухани астанасы – киелі Түркістанды насихаттау.