ЖАСТАР – ЕЛДІҢ ТІРЕГІ, ҮКІЛІ ҮМІТІ
Жастар – қай заманда, қай елде болсын асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы. Еліміздегі жас буын өкілдері мемлекеттің жаңа келбетін қалыптастырады. Олардың жаңа белестерге деген ұмтылысы жаңа идеялардың туындауына себепші болады. Ал жаңа идея қазақ елінің жаңаруына, «Мәңгілік ел» болуына жол сілтейді.
Егемен елдің жастары баянды болашақтың байрағын көтеріп, жарқын келешектің желкенін керіп келеді. «Мен жастарға сенемiн!» деп үкілі үміт, салқар сенім артқан Мағжанның жауһар жырына арқау болған ел ертеңі жастар қашанда елдің ертеңі үшін аябақ емес.
Жастар – қашанда белсенді буын өкілдері. Елімізде жастардың білімді, қабілетті болуына әрдайым үлкен мән беріліп келеді. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дегендей болашағын ойлаған мемлекет бүгінгі жастарының жағдайын тасада қалдырмаса керек.
Жаны нәзік болса да, ісіне тиянақты Индираның жалынға толы отты сөздері, әңгімесі жанымызға жылулық сыйлады. Біз де орайлы сәтті пайдаланып, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облысындағы өкілдігінің жетекшісі Индира Раван-Нахчиваниге жолығып сұхбаттастық.
– Индира өзіңіз жетекшілік ететін «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып өтсеңіз?
– Қазақстан халқы Ассамблеясы тек этносаралық байланысты нығайтып қана қоймай, жастардың болашағына да назар аударып, олардың қоғамдағы белсенділігін жоғарылату бағытында да келелі істер атқарып келеді.
Жастар – кез келген ұлттың дамуы мен бәсекеге қабілеттілігінің басты ресурсы. Бүгінде жастар ұйымдарының жұмысы жас қазақстандықтардың бәсекеге қабілеттілігі мен білімін арттыруға бағытталған. Облыстағы этнос жастары республикалық білім сайыстарында да көзге түсіп, алдыңғы қатардан көрініп жүргенін мақтанышпен айтамын.
Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында өткен мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге, оны насихаттауға, қазақ халқының салт-дәстүрі және мәдениетімен етене танысуға арналып өткізілген «Тіл мектебі» жастар лагеріне облысымыздағы белсенді этнос жастары қатысып, қазақ тілін үйренудегі озық тәжірибелерімен бөлісті.
«Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі Түркістан облысындағы өкілдігі мүшелерінен құралған білімді жастар командасы Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Бір ел» жастар жобасы аясында Ұлытау облысында өткен «Жайдарман – Достық кубогы» ойындарында жүлделі 3 орын иеленді.
«Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен қазақ тілі мен әдебиетін, салт-дәстүріміз бен мәдениетімізді тануға арналған Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мың бала» мәдени-ағартушылық жобасы аясында республикалық конкурстардың облыстық кезеңі өтті. Байқауда аталған жобаның аудандық, қалалық конкурстарында үздік шыққан этнос жастары бақтарын сынады.
Жоба аясында «Өнер алды қызыл тіл», «Өнерлі өрге жүзер», «Жарқыра, жас дарын!» конкурстары, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқу сайыстары өткізілді. Облыстық сайыс жеңімпаздары Астанада өткен «Мың бала» мәдени-ағартушылық жобасының республикалық кезеңіне қатысты.
Жобаның «Жарқыра, жас дарын!» конкурсында Сауран ауданы, А.Ясауи атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы Отабек Шамитдинов, «Өнерлі өрге жүзер» конкурсында Мақтаарал ауданы, Бапышев атындағы мектептің 8 сынып оқушысы Алина Миркамалова, «Өнер алды – қызыл тіл» конкурсында Созақ ауданы, Науаи атындағы орта мектептің 8 сынып оқушысы Ахмеджан Айша жүлделі орындарды иеленді.
Біздің осындай мақтанышпен айтатын жетістіктеріміз бар және біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Еліміздің өсіп-өркендеуіне, экономикалық дамуына, халқымыздың әлеуметтік жағдайының одан ары жақсаруына жұмыс жасайтын боламыз, – дейді Индира Раван-Нахчивани.
Сұхбат арасында:
«Ең бірінші бақытым – Халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын,
Қымбатырақ алтыннан нарқым менің.
Ал екінші бақытым – Тілім менің,
Тас жүректі тіліммен тілімдедім.
Дүниеден кей-кейде түңілсем де,
Қасиетті тілімнен түңілмедім.
Бақытым бар үшінші – Отан деген,
Құдай деген кім десе, Отан дер ем!
Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?
Ойланбай-ақ кел дағы от ал менен», – деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Үш бақытым» өлеңін жатқа оқыған Индираға риза пейілде болып, өмір жолының бақ-берекеге толы болуын тіледік. Біліммен қатар қоғамдық бірлестік жұмысын қатар алып жүрген жалынды жас – колледждің ғана емес, елдің үкілеген үміті.
Халық бірлігі мен мемлекет тұтастығына өзінің үлесін осындай жетістіктерімен қосып жүрген Индира Раван – Нахчиваниге алғысымыз шексіз. Елдегі ұлтаралық татулық осындай жастардың жарқын өмірінен көрінеді.
Л.САРЫБАЕВА.