ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНАН 80 ЖІГІТ ӘСКЕРГЕ АТТАНДЫ

Кентау қаласының орталық алаңында күзгі шақырылымдағы азаматтарды мерзімді әскери қызметке салтанатты шығарып салу іс-шарасы өтті. Өңірден 50 жігіт Астана қаласындағы десанттық-шабуылдау бригадасына және 30 жігіт мемлекеттік күзет қызметіне аттанды.
Салтанатты іс-шараға Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшылығы, облыс және Кентау қаласы әкімдіктерінің өкілдері, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагерлері, басқа мемлекеттердің аумағындағы әскери қимылдарының ардагерлері, «Аналар жүрегі» сарбаздар аналары кеңесінің өкілі, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері, сондай-ақ әскерге шақырылушылардың туыстары мен жақындары қатысты.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев жастарға ақжол тілеп, ізгі ниетін жеткізді.
Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Нұрмаханбет Дюсебаев әскерге шақырылушыларды өмірлеріндегі өте жауапты және маңызды кезеңмен құттықтап, бұл тәжірибе олар үшін міндетті түрде пайдалы болатынын атап өтті.
Жөнелту алдында әскерге шақырылушылар медициналық комиссиядан, психологиялық тестілеуден, кәсіби іріктеуден өтті.
Жалпы облыстан күзгі әскерге шақыру науқаны кезінде 2000-нан аса жігіт әскерге жіберіледі. Осыған дейін қыркүйек айында ҚР ҰҚК Шекара қызметіне 300-ге жуық азамат аттанса, қазан айында ҚР ҚК әскери бөлімдеріне шақыру жүріп жатыр.
Аталған шарада жақындары мен туыстары болашақ әскери қызметшілерге сәттілік, амандық тілесе, мәдениет үйінің көркемөнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынды.
Осы күні жас сарбаздарды шығарып салу рәсімінен соң Кентау қаласы қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің жинақтау пунктінің ашылу рәсімі өтті. Оған Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов және зиялы қауым өкілдері мен әскери қызметшілер қатысты.