ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН ЖУРНАЛИСТЕРІНІҢ ОДАҒЫН «ТӨЛЕБИ ТУЫНЫҢ» ТҮЛЕГІ БАСҚАРАДЫ
Жерлесіміз, Төлеби ауданының тумасы, «Егемен Қазақстан» жалпыұлттық республикалық газетінің Түркістан облысындағы меншікті тілшісі, облыстық мəслихаттың депутаты Ғалымжан Елшібай Қазақстан Журналистер одағының атқарушы директоры болып бекітілді. Енді ол жаңа қызметі мен Журналистер одағының облыстық филиалы төрағасының міндеттерін қатар атқаратын болады. Осыған байланысты Ғалымжан Қамытбекұлы əлеуметтік желіде мынадай жазбасын жариялады:
«Қазақстан Журналистер одағының басқарма мүшелері мен қалалық, облыстық филиал төрағаларының қатысуымен «Zoom» платформасында жиын өтті.
Күн тəртібіне ұлттық журналистикаға ортақ маңызды мəселелер шығарылды. Журналистердің құқықтарын қорғау, елімізде сөз бостандығының сақталуы турасында ұтымды ұсыныстар айтылды.
Журналистер одағы əріптестердің қорғаушысы екенін ісімен дəлелдеп келе жатыр. БАҚ өкілдерінің кəсіби жұмысына кедергі жасалып жатқан кезде одақ əрдайым қарсылығын білдіріп, заң талаптарының сақталуы қажеттігі жайлы мəлімдемелер жасап келеді.
Басқосу барысында одақ филиалдарының жұмысын жандандыру, мүшелік жарнаны жинау мəселелері қаралды. Аталған тақырыптар бойынша біраз ой-пікірлер ортаға салынды. Одақ құрылымында бірқатар кадрлық өзгерістер орын алды. Басқарма басшылығының шешімімен Қазақстан Журналистер одағының атқарушы директоры қызметі маған сеніп тапсырылды. Бұл жауапты қызметті Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағалығымен қоса атқаратын болдым.
Қазақстан Журналистер одағының атынан басшылық жасау құқығын беріп, жауапты қызметті сеніп тапсырған басқарма мүшелеріне, əріптестерге алғысымды білдіремін. Жүктелген жауапкершіліктің жүгі жеңіл еместігі анық.
Отандық журналистика саласында көп жылдан бері шешімін күткен мəселелер жетерлік. Ендеше, Журналистер одағының жұмысына жаңа серпін əкелуге, ұлттық журналистиканы дамыту жолында тың бастамалар мен жаңа идеяларды іске асыруға бар күш-жігерімді жұмсайтын боламын».
«Төлеби туы» қоғамдық-саяси газеті редакциясының ұжымы Ғалымжан Қамытбекұлына жаңа қызметте табыс тілейді əрі мақтаныш етеді. Себебі ол қазақ баспасөзінің қалыптасуына елеулі үлес қосқан, ауданнан бастап республикалық газет-журналдарға мықты кадрлар дайындаған, алғашқы саны осыдан 89 жыл бұрын жарық көрген қасиетті қарашаңырақ – «Төлеби туының» түлегі. 1993 жылдың 5 қазанында осы газеттің корректоры қызметіне қабылданған оның ең алғашқы хабары осы газетте жарияланып, уақыт өте ысылған жас тілші үлкен өмірге қадамын басты: Шымкент қалалық, облыстық газеттерінде, “Жас Алаш” басылымында еңбек еткен ол қазір республикалық бас газеттің Түркістан облысындағы меншікті тілшісі қызметін атқаруда.
«Төлеби туының» тағы бір түлегі, биыл Қазақ Ұлттық университетінде журналистика факультетінің тізгінін қолға алып, бүкіл Қазақстан үшін журналистер дайындап жатқан «Қазығұрт» баспасының президенті, ақын Темірғали Көпбаев, осы газетте қанаты қатайып, тəжірибесі толысқан, қазір «Егемен Қазақстан» газетінің Шымкент қаласы бойынша меншікті тілшісі Əнуар Жұмашбаев, республикалық «Айқын» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Назгүл Назарбекова, республикалық «Өзге пікір» газетінің бас редакторы Шадияр Молдабек, «Жанубий Қозоғистан» газеті бас редакторының орынбасары Авазхан Боранбай, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі Серікқали Жексенбай, тілшісі Лаура Тастанбек, «Южный Казахстан» газетінің тілшісі Берік Монтаев жəне басқа да шəкірттеріміз мерейімізді асқақтатуда. Тау баурайындағы алақандай аудандағы «Төлеби туының» бүкіл республикаға қызмет етіп жатқан осындай түлектерді дайындап, шеберлігін шыңдай алғанын баспасөзді бағалай білетін барлық төлебиліктердің мақтан етуге құқы бар деп санаймыз.
Əріптестеріміздің Əділетті Қазақстан үшін жасап жатқан еңбегі жана берсін!
Ə.РАХМАНҚҰЛОВ,
бас редактор.