ТҮРКІСТАНДЫ ТҮЛЕТКЕНДЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Түркістанда облыстың 5 жылдығына орай «Turkistan» телеарнасы арнайы бағдарлама ұйымдастырған болатын. Күні кеше Түркістанның дамуына үлес қосқан 20 тұлға тікелей эфирде Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының Алғыс хатымен марапатталды. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев арнайы қатысып, марапат иелерін құттықтады.
Телевизия ұжымы нағыз еңбек адамдарын «Түркістанды түлеткендер» деп атап, телеарна эфирінен шыққан бағдарлама арқылы 20 тұлғаға жеке-жеке фильм әзірлеген. Әрқайсысы өз саласындағы жетістігін, бес жыл бұрынғы естелігін айтып, әдемі әсерлі шығарылым көрерменге ұсынылған еді. Бұл бағдарлама тікелей облыс әкімінің бастамасымен жүзеге асқан болатын.
Президент жарлығымен 2018 жылдың 19 маусымында жаңадан Түркістан облысы құрылған болатын. Бұл тарихи шешім өңірге жаңа серпін берді және жан-жақты даму мүмкіндіктеріне жол ашты. Тарихи шаһарда жүздеген нысан бой көтеріп, көне шаһар жаңарды, қайта түрленді. Сол жауапкершіліктің жүгін арқалап, Түрленген Түркістанды дамытуға елеулі үлес қосып, еңбектен бақыт тапқан жандар жетерлік.
Марапат алғандардың қатарында Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов, ұлағатты ұстаз Нұрсұлу Шектібаева, Түркістан облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Құрманбек Сахов, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Абишов, «Қазақстан» ұлттық арнасының Түркістан облысындағы меншікті тілшісі, кәсіби журналист Айнұр Ақбаева, 4 дүркін әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі төреші, профессор, жаттықтырушы Әбдісадық Халилаев, «Ақжайық» музыка мектебінің директоры Сырым Айсынов, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Хазретәлі, кітапханашы, облыстық Фараб кітапханасының жас маманы Ардақ Нұрғали, Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасының бөлім басшысы Нұрдаулет Медеуов, Түркістан музыкалық драма театрының әртісі Ақ-Сұлтан Әнуарбек, Облыстық жастар орталығының белді қызметкері, бөлім басшысы Ақтөре Қайрат, «ХАБИБУЛЛА АТА» кәсіпорны, «ЭДЕМ» жиһаз цехының директоры Икбол Абишев, «Неке сарайының » директоры Мөлдір Дилдабаева, құрылысшы-прораб Марат Жақаев, қоғамдық көлік жүргізушісі Бақыт Сарбасов, «Жасыл Түркістан» мекемесінің бригадирі Джамалиддин Абдрахманов, түркістандық бренд, «Daily food» кафе-ресторан желісінің атқарушы директоры Дәулет Қауынбаев, Халыққа қызмет көрсету орталығының бас маманы Асхат Мұхамедәлиұлы бар.
Шара барысында әсем әндер шырқалып, зиялы қауым ізгі тілегін арнады. Кеш соңында қатысушылар шараның көптің көңілінен шыққандығын айтып, алғысын білдірді. Сонымен қатар естелік суретке түсіп, құрметпен тарасты.