ЖАСТАР – ЕЛ ҮМІТІ

Жақында «Фараб» кітапханасында «Түркістан – татулық тұғыры» тақырыбымен өткен Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХV сессиясында Индира Раван-Нахчивани өзін қазақ тілінде таныстырып, баяндама жасады. Әрине біздің аймақта бұл жаңалық емес. Себебі, киелі Түркістан топырағында туып-өскен өзге ұлт өкілінің жастары да мем­лекеттік тілді еркін меңгерген.

Алайда, жаны нәзік болса да, ісіне тиянақты Индираның жалынға толы отты сөздері, әңгімесі жанымызға жылулық сыйлады. Біз де орайлы сәтті пайдаланып, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облысындағы өкілдігінің жетекшісі Индира Раван-Нахчиваниге жолығып сұхбаттастық.

Әуелі, өмір жолына тоқталсақ.

Индира Замировна Раван –Нахчивани 2004 жылы 19 шілдеде Сарыағаш ауданы Жібек Жолы ауылында дүниеге келген. Ұлты әзірбайжан. 2009 жылы мектеп табалдырығын аттап, 2019 жылы Ә.Марғұлан атындағы №58 жалпы орта мектепті үздік аттестатпен аяқтады.

2019 жылы Сарыағаш қаласында орналасқан «Арыстанбаб» жоғары колледжіне «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығына оқуға түсті.

Қазіргі таңда «Арыстанбаб» жоғары колледжінің 4 курс студенті, колледж президенті. «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің Түркістан облысындағы өкілдігі төрағасының орынбасары болып еңбек етіп келеді.

Колледжге түскен жылы, яғни 2019 жылы білімі мен талантының арқасында ауданның «Үздік студент» номинациясымен марапатталып, мерейі тасыды. Сондай-ақ, 2019 жылы Түркістан қаласында өткен «Жастар фест» байқауының 3 орын иегері атанған. Бос уақытында кітап оқып, тілдерді үйренумен айналысқанды ұнатады. Соның жемісі болар, қазіргі таңда 4 тілді жетік меңгерген.

7 жыл музыка мектебінде оқып, фортепиано аспабын меңгерген. Колледжде өткен 100-ден аса мерекелік іс-шараларды, байқауларды өткізуге белсене атсалысқан. 2020 жылдан бастап «Арыстанбаб» жоғары колледжінің президенті болып, «Шаңырақ» атты еріктілер клубын ашып, координаторы болып тағайындалды.

Осы орайда, Индираға қойған алғашқы сауалымыз еріктілік, яғни, волонтер жайында болды.

-Бүгінгі таңда жастардың көпшілігі ерікті болумен, яғни, волонтерлікпен айналысады. Өзіңіз қоғамдық бірлестіктің жетекшісі ретінде еріктілікпен, яғни волентерлікпен айналысқысы келетін жастарға ұйытқы болудасыз ба? Жалпы еріктілік жайлы өзіңіздің еркін ойыңызбен бөліссеңіз?

– Ерікті (волонтер) – латынның «voluntarius» сөзінен шыққан, адамның өз еркімен, өзінің есебі арқылы қоғамдық жұмыстарға белсенді араласушы деген сөз. Ал, қоғамда олардың орны ерекше. Өйткені еріктілер жасаған жақсылықтары үшін өтемақы немесе материалдық қажеттілік талап етпейді. Олар көмектесуді парыз деп санайды. Сондықтан, еріктілік – ерлікпен тең деп ойлаймын. Мен де бос уақытымда еріктілікпен, яғни, волонтерлікпен айналысамын.

Түркістан облысындағы этномәдени бірлестіктер жанындағы жастар қанаттары мен өзім жетекшілік ететін өкілдіктің атқаратын жұмыстарының бірі волонтерлік қызмет.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еріктілер қызметінің 7 бағытын айқындап берген болатын. Олар: халқымыздың материалдық және рухани мәдени-тарихи мұрасын сақтауға арналған «Асыл мұра», қоршаған ортаны қорғау, өзендер мен ормандарды тазалау, ағаш отырғызуға арналған «Таза әлем», ауыл мектептерінің жоғары сынып оқушыларын Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындау, ағылшын тілі мен компьютерлік сауаттылықты арттыруға арналған «Білім», еріктілердің қарттар үйлеріндегі жұмысына арналған «Қамқор», медициналық волонтерлікті дамытуға, науқастарға қамқорлық көрсетуге арналған «Саулық», балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне қамқорлық жасауға арналған «Сабақтастық», екінші дүниежүзілік соғыстағы отандастарымыздың ерліктерін паш ететін құжаттарды іздеуге арналған «Үміт» бағыттары.

Осы айтылған 7 бағыт бойынша облысымызда – 1 285 іс-шара атқарылып, оған 29 646 жас волонтер қатысты.

Түркістан облысының жастары «Жаңа Қазақстан – табиғатты аялаудан бастайық» экологиялық акциясы аясында елдімекендер тазалығына өз үлестерін қосып, көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарына қатысты. Бұл акцияға 6 333 ерікті жас атсалысып, 1500 гүл, 770 ағаш отырғызылды. Олардың атқаратын жұмыстарының қоғам үшін маңызды екенін байқадық. Алдағы уақытта бұл үрдіс тоқтамай, өз жалғасын табады деп сеніммен айта аламын.

– Индира, Алла тіл-көзден сақтасын өзіңізді. Көптеген байқауларға қатысқан екенсіз. Осы күнге дейін жеткен жетістіктеріңіз жайлы айта кетсеңіз?

– Мен негізі, мектепте белсенді болғанмын, барлық мерекелік іс- шараларға қатысатынмын. Алғаш 2011 жылы «Ауылым әнім» атты байқауға қатысып, 2 орын иегері атандым. Осыдан кейін, өнер жолында көптеген жетістіктерге жете бастадым. Атап айтсам, 2015 жылы халықаралық «Дарын 2015» байқауының 1 орын иегері, 2016 жылы «Ауылым әнім» атты байқаудың Гран при иегері атандым.

2018 жылы Сарыағаш ауданының «Үздік ерікті» номинациясы иегері, «Onstanup» Шымкент қаласында өткен телевизиялық байқаудың «үздік рэппер» иегері, 2019 жылы Сарыағаш ауданының «Үздік студент» номинациясының иегері атандым.

2019 жылы республикалық «Хан Назар» ән-би фестивалінің Гран при иегері, сондай-ақ осы жылы Түркістан қаласында болып өткен «Turkistan Jastar Fest» фестивалі, «Rap battle» байқауының 3 орын иегері болдым.

Сонымен қатар, 2022 жылы Астана қаласында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30-31 сессиясына Түркістан облысының делегациясымен бірге қатысып, үлкен қуанышқа кенелдім.

Сондай-ақ, республикалық «Қазақстан үміті» шығармашылық байқауының «Жас тілші» номинациясының бас жүлде иегері атанып, Алматы қаласына және Түркия еліне жолдама ұтып алдым.

Биылғы жылы Сарыағаш аудандық «Арай – 2023» әншілер және жүргізушілер байқауына қатысып, «Мәдени іс шаралардың жүргізушісі» номинациясы бойынша «Бас жүлде» иегері атандым.

 

Л.САРЫБАЕВА.

… жалғасы бар.