Кадрлық резервтен үмітіңіз бар ма, онда асығыңыз!

2019 жылдан бастап Қазақстанда жас әрі талантты жастарды қолдау мақсатында Президенттік жастар кадрлық резервін құру туралы шешім қабылданғаны белгілі.
Бұған дейін елімізде екі рет Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу өткен болатын. 2019 жылы 300, ал, 2021 жылы 50 жас кадрлық резервке алынды. Бүгінгі күнге осы 350 адамның 76 пайызы (265) мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторларда жауапты қызметтер атқаруда.  Айта кету керек, резервке алынған 350 үміткердің 25-і Түркістан облысының азаматы.
Биыл кезекті іріктеу 6 негізгі сала бойынша жүзеге асырылады. Атап айтқанда, инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты, агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау, сыртқы саясат және инвестициялар, экономикалық және қаржылық саясат, цифрландыру, әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам салалары бойынша резервке іріктеу өтеді. Биылғы жаңалық, үміткерлермен әңгімелесуді міндетті түрде салалық орталық органдар өкілдерінің қатысуымен өткізу тәжірибесі енгізілуде. Іріктеу қорытындысы бойынша 50 кандидат резервке алынады. Жеңімпаздар есімі желтоқсанда жарияланады.
Биылғы Президенттік жастар кадр резервіне іріктеуге қатысуға өтінім берудің аяқталуына да аз уақыт қалды. Резервке іріктеу қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында өтеді. Іріктеу шарттары бойынша үміткерлер 30 қыркүйекке дейін барлық құжаттарды жүктеуді аяқтап, «мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау тестілеуі» кезеңіне жазылуы тиіс. Одан кейінгі үшінші кезеңде жағдаяттық тапсырмалармен жұмыс істеу қабілеті тексеріледі, сонымен қатар, көшбасшылық қасиеттері сынға түседі. Ал, келесі кезең – комиссия мүшелерімен әңгімелесуге тек алдыңғы кезең сынақтарынан өткендер ғана қатысады. Соңғысы – сарапшылық комиссия резервке алуға ұсынған кандидаттарды Ұлттық комиссияның отырысында қарайды.
Президенттік жастар кадр резервінің талаптарына сәйкес, резервке алынған жастар заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік саяси лауазымдарға және «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына, «Б» корпусының басшылық және «А» санаттар тобының лауазымдарына уәкілетті органмен келісу бойынша конкурсқа қатыспастан тағайындалуы мүмкін. Резервтің құрамында болу мерзімі 3 жылды құрайды.
Бұл жоба жыл сайын Түркістан облысында қарқынды іске асырылып, резервке енуге қызығушылық танытқандар саны көбейіп келеді.
2019 жылы іріктеудің алғашқы кезеңінде Түркістан облысынан 19 азамат Президенттік жастар кадр резервіне алынған.
2021 жылы Президенттік жастар кадр резервіне Түркістан облысынан 246 үміткер құжаттарын тапсырып, 6 кандидат резервке енген. Аталған  жылы енгізілген өзгерістерге тоқталсақ, яғни іріктеудегі жаңашылдық – үміткерлер мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін растауы қажет болды. Ол ұлттық стандарттарға сәйкес орташа деңгейден (В1) төмен болмауы тиіс. Үміткерлер мемлекеттік тілде мәтін құруы, өз пікірін дәлелді түрде жеткізуі және қарапайым диалог жүргізе алуы керек. Және осыған дейінгі іріктеуден айырмашылығы, кадрларды іріктеу процесі тек қажетті білімді, дағды мен қабілетті ғана емес, сонымен қатар үміткерлердің шынайы мотивтері мен олардың ниеттерін бағалайтын болады.
Президенттік жастар кадрлық резерві туралы бастама Түркістан облысында да қолдау тауып отыр. Соның нәтижесінде аймақтың даму қарқынын одан әрі жоғарылату үшін ең білікті резервистер басшылық лауазымдарға тағайындалуда. 2022 жылдың қазан айында резервке енген Ермек Кенжеханұлы облыс әкімінің орынбасары лауазымына, ал, Р.Медетов Түркістан облысы әкімі аппараты «Түркістан облысы әкімдігінің іс басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы лауазымына тағайындалып, бүгінгі таңда сол қызметтерін абыройлы атқарып жатыр. Сонымен қатар, резервші А.Әшімов Түркістан облыстық кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия құрамына енгізілген.
Б.ДӘРІҚОЖА.