«Алғашқы жұмыс орны» жастарға үміт сыйлауда

Жұмысқа алғаш рет орналасатын, еңбек тәжірибесі жоқ жастарды қолдау мақсатында қолға алынған 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында Шардара ауданында жұмысқа орналасқандардың саны артып келеді,  деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған oninfo.kz ақпараттық агенттігі.
Жұмыс іздеп жүрген түлектер мен жасы 29-дан аспаған жұмыссыздарға, оның шінде жұмыс тәжірибесі жоқ жастарға, көп балалы немесе аз қамтылған отбасы мүшелеріне, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, техникалық және кәсіптік мамандық иелеріне арналған «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасына қатысушылардың бірі – шардаралық Арайлым Жарылқасынова.
Ол 4 жылдан бері бастауыш сынып мұғалімі мамандығымен тұрақты жұмыс таба алмағандықтан, қосымша шаштараздықты оқып алған. Биылдан бастап шаштараз болып жұмыс істеп жүр. Айлығы мен күндік табысы жолдасының жұмы-сын жеңілдетіп, отбасы қажетіне жұмсалуда.
Жас мамандар жоғары және арнаулы орта оқу орындарын бітіргеннен кейін немесе оқуға түсе алмай қалған жағдайда бірден жұмыс таба алмай жүріп қалатыны белгілі. Өйткені, жұмыс берушілер әдетте тәжірибесі бар кадрларға иек артады. Осы орайда жүзеге асырылып жатқан «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысу мерзімі 2022 жылдан бастап 18 айға дейін ұзартылып, жалақы мөлшері 30 АЕК-ға дейін артқан.
Шардара ауданы бойынша жыл соңына дейін аталмыш бағдарламаға 45 жасты қатыстыру жоспарланса, бұл көрсеткіш 8 айда 51 азаматқа жеткен.
Сала мамандарының айтуынша, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша жұмысқа орналастыру
барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен мекемелерде ұйымдастырылады.