БӘЙДІБЕКТЕ ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРЫЛҒАНДАРДЫ САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ ШЫҒАРЫП САЛДЫ

Бүгін Бәйдібек ауданы орталығындағы алаңда күзгі әскерге шақыру науқаны аясында «Айбынды жастар – Қазақстанның тірегі» атты әскерге шақырылушыларды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған oninfo.kz ақпараттық агенттігі.
Салтанатты шарада Бәйдібек ауданы әкімінің уақытша міндетін атқарушы Берік Тұрлыбеков, аудандық мәслихат төрағасы Асқар Кенехан, болашақ сарбаздарға Отан алдындағы борышын адал атқарып, әскери өмірге аттаған қадамдарына сәттілік тілеп, құрмет көрсетілді.
Шарада сөз алған Бәйдібек аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы майор Сабыржан Нәлібаев әрбір 18 бен 27 жас аралығындағы ер азамат әскерге барып, Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті екендігін айтып, жауапты және маңызды кезеңмен құттықтап, сәттілік тіледі.
— «Көктемгі әскерге шақыру науқаны кезінде Бәйдібек ауданынан 75 азамат, мерзімді әскери қызмет өткеруге аттанған болатын. Күзгі шақыру науқанында бүгінгі күнге дейін ауданымызда тұратын 25 бала Отан алдындағы борышын өтеуге кетті. Жылдың соңына дейін 50 жас сарбаз азаматтық парызын өтеуге әскер қатарына жіберіледі. Бүгінгі салтанатты шарада әскерге кетіп бара жатқан сарбаздарға жемісті қызмет етіп, елге аман-есен оралуын тілеймін», – деді майор Сабыржан Жұмабекұлы
Әскерге шығарып салу салтанатты жиында еңбек ардагері, ауданның құрметті азаматы Жолдыбай Төлебаев жас сарбаздарға батасын беріп, ақ жол тіледі.
Салтанатты іс-шарада аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары жастардың рухын көтеретін әндер айтып, Шаян көпсалалы лицей жалпы орта мектебінің оқушылары әскери қойылымдар көрсетті.
Шара соңында еңбек ардагері, ауданның құрметті азаматы Жолдыбай Төлебаев бата беріп, жас сарбаздардың ата-аналары ұлдарын әскерге шығарып салды.