КЕНТАУДА «ЖАСТАР ЕЛ БОЛАШАҒЫ» ТАҚЫРЫБЫНДА ДӘСТҮРЛІ ШАХМАТ ТУРНИРІ ӨТТІ
Кентау қаласында жасөспірімдер арасында Сақ Мәуленқұлов атындағы шахмат турнирі өтті. Турнирдің ашылу салтанатына қала әкімі Жандос Тасов қатысып, жас шахматшыларға сәттілік тіледі, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған oninfo.kz ақпараттық агенттігі.
«Біздің қаланың жанашырлары шахматты жүйелі түрде дамытуда жақсы жұмыстар атқарып, шәкірттер тәрбиелеуде. Тіпті, жарыстарға барып жеңімпаз болып жатқандары бар. Біз өте қуаныштымыз! Спорттың дамуына қолдан келгенше қолдау көрсетеміз. Бүгінгі турнир қатысушыларына жарыстан ұмытылмас әсер алып, жарқын жеңістерге жетуді тілеймін», деді.
Жарыс қалалық спорт және денешынықтыру, мәдениет, тілдерді дамыту бөлімі мен қалалық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің қолдауымен ұйымдастырылды. Іс шара жасөспірімдер арасында шахматты насихаттау, мемлекеттік жастар саясатын дамыту, жастарды спортқа деген қызығушылықтарын арттыру, нашақорлықтың алдын алу мақсатында өткізілді. Турнирге қаланың 70-ке жуық жас шахматшылары қатысып, бақтарын сынады.
Баланы жылдам ойлауға, нақты шешім қабылдап қадам жасауға бейімдейтін шахмат сайысының нәтижесінде № 24 Т.Рысқұлов атындағы жалпы орта мектебінің оқушысы Алиакбар Алижан 1 орын, 2-орынды № 23 Ә.Бөкейханов атындағы мектептің оқушысы Аманбек Диас, 3-орын Т.Рысқұлов атындағы № 24 мектеп оқушысы Қыдырбай Марғұлан иеленді
Жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табысталып, алғысхаттармен марапатталды.