ORDABASY: «ЖАЛЫНДЫ ЖАСТАР – БОЛАШАҚТЫҢ КЕПІЛІ» ЖАСТАР ФОРУМЫ ӨТТІ

Ордабасы ауданының орталығы Темірланда қоғамдағы жастардың тәрбиесі, олардың қауіпсіздігі мен қылмыс жасауының алдын алу, сонымен қатар жастар санасына рухани-адамгершілік қасиеттерін қалыптастырып, ұлттық құндылықтарды сіңіру мақсатында «Жалынды жастар-болашақтың кепілі» атты жастар форумы өтті,  деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған oninfo.kz ақпараттық агенттігі.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдаған «Әділетті Қазақстанның эконимикалық бағдары» Жолдауын жүзеге асыру, жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мен жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға арналған шараға аудан әкімі Азат Оралбаев арнайы қатысып, форум жұмысына сәттілік тіледі.
«Құрметті жалынды жастар, қадірлі қонақтар! Баршаңызды бүгінгі «Жалынды жастар-болашақтың кепілі» атты жастар форумының салтанатты ашылуымен құттықтаймын! Өздеріңізге мәлім, қазіргі таңда ауданымызда 14-35 жас аралығындағы жастардың саны – 34 732 болса, бұл көрсеткіш аудан халқының 27.1 пайызын құрайды. Ендеше, ауданымыздың әр салада дамып өркендеуі, жалпы бүгіні мен ертеңі де осы жастарға байланысты. Қазіргі таңда ауданымызда жастарды тәрбиелеу, олардың бойына патриоттық рухты сіңіру жолындағы маңызы зор шаралар, спорт және өнер үйірмелері тұрақты жұмыс жасауда. Жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар да ауданымызда тиісті деңгейде жүзеге асырылуда», деді аудан әкімі өз құттықтауында.
Сондай-ақ, форум мінберінде аудан прокуроры Абзал Қыдырбай, аудандық Полиция бөлімінің басшысы Ғалымжан Қуашбаев баяндама жасап, жастар тәрбиесіне байланысты тұшымды ойларын ортаға салды.
Аудандық Мәдениет үйінде өткізілген форумның екінші бөлімінде Токио олимпиадасының қола жүлдегері Дархан Асадилов, актер, әнші, шоумен Олжас Бекбауов, Ордабасы ауданының Құрметті азаматы Замира Маханова, «Игілік» қоғамдық қорының негізін қалаушы, қоғам жанашыры Қайрат Дәрібаев спикер ретінде қатысып, жастарға өз жетістіктерімен бөлісті.
Көпшілік үлгі тұтатын аудан мақтаныштарымен өткен кездесуде жастар өз көкейінде жүрген сұрақтарын ортаға салып, өздеріне пайдалы ақпарат алды.