АРЫС ҚАЛАСЫ ӘКІМІ ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова бір топ қала және ауыл жастарымен еркін форматта кездесу өткізді. Кездесудің бас тақырыбы жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар арқылы жұмысқа орналасу жайы болды,  деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған oninfo.kz ақпараттық агенттігі.
«Өздеріңізге белгілі, жастарды жұмыспен қамту бойынша түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Мен Сіздерді арнайы шақырған себебім де осы – мүмкіндікті мүлт жібермей, бағдарламаларға қатысып, алған білімдеріңізді қаламыздың өркендеуіне жұмсау», — деді қала әкімі.
Шаһар басшысы атап өткендей, бүгінгі таңда Арыста «Жастар практикасы», «Ақылы қоғамдық жұмыс», «Алғашқы жұмыс орындары» секілді мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Оған қаламыздың 35-ке дейінгі жастары қатыса алады.
Кездесу барысында жастарға жоғарыда аталған бағдарламалар бойынша толық мағлұмат берілді. Жастармен кездесуге келген бірнеше мекеме басшылары бағдарлама талаптарына сәйкес келетін жастарды қабылдауға дайын екендіктерін жеткізді.
Сондай-ақ, жұмыс жасауға ниетті жастарға жауапты сала басшылары мен мамандары толыққанды түсіндіріп, құжаттандыру бойынша көмектер көрсетілді.
Айта кетейік, 35 жасқа толмаған жұмыс іздеуші жастар қалалық Мансап орталығына барып, бос жұмыс орындарын таңдауларына болады. Орталық Тәжібаев №1 ғимаратында орналасқан (Бұрынғы сот ғимараты).