ТҮРКІСТАН: СОЗАҚТА КІШІ ФУТБОЛ АЛАҢШАСЫ МЕН БАЛАЛАР ОЙЫН АЛАҢЫ ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ

Созақ ауданы, Шолаққорған ауылындағы А. Спатаев көшесінің бойынан тұрғындар сұранысына орай салынған кіші футбол алаңы мен балалар ойын алаңшасының құрылысы аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілді,  деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған oninfo.kz ақпараттық агенттігі.
Спорт нысанының ашылу салтанатында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков құттықтау сөз сөйлеп, ауданда спорт саласы бойынша қолға алынған жұмыстарға тоқталып өтті.
–Сіздердің кіші футбол алаңы мен балалар ойын алаңшасын салып беру жөніндегі мәселелеріңіз бойынша «Катко» қазақ-француз біріккен кәсіпорнымен бірлесе жұмыс атқардық. Нәтижесінде бүгін игіліктеріңізге ұсынып отырмыз. Тек бұл ғана емес, аудан орталығындағы Жібек Жолы-2 көшесінің төменгі тұсынан да осындай ойын алаңының құрылысы басталды. Бұл жұмыстар орталықтан шалғай орналасқан ауылдарда да жүзеге асуда. Аудан жастарының бос уақытын тиімді пайдаланып, болашаққа деген сенімін нығайтып, ізгілікке, еңбекқорлық пен спортқа тәрбиелеуге мүмкіндік беретін жобалар біз үшін әркез маңызды болып қала бермек, – деді аудан басшысы.
Салтанатты шарада аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, ашылған нысан жастардың тәнін шынықтыратын орынға айналатынына өз сенімін білдірді. Ал аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов және спорт ардагері Жетілген Сармантаев ізгі тілектерін арнады. Спортты жанынына серік еткен жастарға жасалып жатқан мүмкіндіктер мен ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға айрықша тоқталып, алғысын жеткізді.
Аталған көше тұрғыны, ұлағатты ардагер ұстаз Қырмызы Сейітқызы жеткізген өтініштер аяқсыз қалмағанына, бүгінгі игі іске арқау болған азаматтарға тұрғындар атынан алғыс білдірді.