ТҮРКІСТАН: КЕЛЕС АУДАНЫНДА 14 ЖАСАР АВТОМЕХАНИК ТҰРАДЫ
Келес ауданында техниканың тілін меңгерген 14 жасар бала тұрады. 9 сыныпта оқитын Еркебұлан Мәулен бос уақытында трактор мен жеңіл автокөлік жөндеумен айналысады. Мектептегі сабағынан босаған сәттен-ақ, аулада тұрған техниканы жөндеуге асығады. Тіпті, қазір ауыр техниканы тізгіндеп те үйренген. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасаған oninfo.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
— Әкем механизатор болған. Ол Келес совхозында автомеханика саласында еңбек еткен. Әулетіміздегі азаматтардың басым көпшілігі осы техникаға қызығып, нәпақасын тауып отыр. Өзім де зейнетке жеткенше шопыр болып жұмыс істегенмін. Бүгінде немерелерім де осы салаға қызыққан соң білмегенін үйретіп отырамын, — дейді Еркебұланның атасы Төлеген Мәуленов.
Еркебұлан қазір ағасынан жеңіл көлікті жөндеудің қыр-сырын жете меңгеріп жүр. Әзірге өзі жеке жөндеуді үйрене қоймаса да, қажетті қосалқы бөлшектерді жеткізіп, көмектесуде. 14 жасар жасөспірім келешекте мықты механик болуды армандайды.
Еркебұлан техниканың тілін меңгерумен қатар мектептегі сабағына да ұқыптылықпен қарайды. Ұстаздары жас та болса жан-жақты баланың болашағынан зор үміт күтеді.