БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛЕДІ
Бүгінде елімізде халықтың тұрмысын жақсарту бағытында «Ауыл аманаты» жобасы іске асып келеді. Жобаның мақсаты ауыл мен ауыл халқының өмір сүру сапасын арттыру, шалғай елді-мекендердегі ауылшаруашылығы саласының дамуына серпін беру.
Аталған жоба өсімдік, мал, құс, балық, ауыл шаруашылығы кооперативтерді жабдықтау, тұрғындардың өз кәсібін ашу секілді алты бағыттан тұрады. Өңірімізде жобаның ІV бағытын, яғни, балық шаруашылығын дамытуға ниетті кәсіпкерлер аз емес. Осы орай бүгін ауданымызға балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру мәселесіне қатысты түсіндірме жұмыстарын жүргізетін жұмысшы топ келіп, балық шаруашылығын дамытуға байланысты жан-жақты ақпараттарымен бөлісті. Отырар ауданы әкімінің орынбасары Ержан Оралбайдың төрағалығымен өткен жиында Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Болысбек Шәріпбеков пен табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Абай Сәдірқожа балық кәсібін дамыту мәселелері туралы баяндама жасап, балық шаруашылығын дамыту арқылы табысқа жетудің тиімді жақтарын түсіндірді. Сала мамандары баяндамасында өңірімізде балық шаруашылығына басымдық берілетінін атап өтті.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, жобаның мүмкіндіктері жан-жақты талқыланды.
Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары Е.Асанұлы ауданға арнайы келіп шаруаларға қажетті ақпараттарымен бөліскен мамандарға аудан халқының атынан алғысын айтты.
Айта кету керек, «Ауыл аманаты» жобасы ел президентінің ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Жобасы аясында жеке кәсіпкерлерге 8,6 млн теңгеге дейін, ал кооперативтерді дамытуға 27,6 млн теңгеге дейін несие беріледі.