Жалған ақпарат тарату — жазаға жеткізеді

Ресми дерек бойынша биылдың өзінде 900-ден аса фейк ақпарат тараған екен. Ал анықталмай қалғаны қаншама дерсіз. Адамды адастырып, жолдан жаңылдыратын жалған ақпараттың таралу қарқыны да үдеп келеді.

Көп уақытымыз әлеуметтік желіде өтетіндіктен, ағын судай тасыған ақпарат легіне төтеп бере алмай, қанша сауатты болсақ та кейде ақиқат пен алыпқашпа әңгіменің аражігін ажырата алмай, шындыққа жанаспайтын өтірікке сеніп қалатынымыз рас.

Мәселен, WhatsApp желісіндегі 40 күндік аптап ыстық туралы тараған хабарламаларға дүйім жұрттың сенгені сөзсіз. «Әлемде дәл 40 күн бойы ауа температурасы Цельси шкаласы бойынша 50 градусқа дейін көтеріледі. Мұндай ауытқушылықтар әр 60 жыл сайын қайталанып отырады екен. Ыстықта үйден шықпай отырыңыздар!». Шілденің шіліңгір ыстығында дәл осындай ақпаратқа сенбеске де амал жоқ, ақпараттың шынайы­лығына көз жеткізбек түгілі, оның жалған екені жадымызға да кіріп шықпайды. Осындай ақпаратқа тосқауыл қою мақсатында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі құрған Stopfake.kz сайты жұмысын сәтті жүргізіп отыр.

Ал енді осы әлеуметтік желілер арқылы тарайтын жалған ақпаратты қалай ажыратуға болады? Шынайы ақпаратта ресми органдарға немесе сенімді ақпарат көздеріне сілтеме беріледі. Ең бастысы, уақыты мен мекенжайы көрсетілуі керек. Әсіресе, апатты және төтенше жағдайлар, саяси оқиғалар кезінде әлеуметтік желілерде жалған хабарламалар көптеп тарайды. Негізі, еліміздің заңнамасына сәйкес, фейк ақпарат таратқандар жазаланады. Көп адам мұндай әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатынынан бейхабар. Негізінде, жалған ақпарат тарату 2015 жылы жаңа Қылмыстық кодексі қабылданғаннан кейін қылмыс түрінде (274-бапқа сәйкес) қарастырыла бастады.

Иә, мына қазіргі ақпарат майданында әлеуметтік желі белсенділері көбейіп кетті. Өздері жедел қимылдайды. Қоғамда орын алған мәселелерді көрсетіп, ел-жұрттың назарын өздеріне аударады. Алайда олар барлық жағдайда жан-жақты, дұрыс ақпарат немесе талдау жасап береді дей алмаймыз. Түрлі аккаунт ашып, айналасындағы адамдар жайлы жағымсыз пікірлер тарататындар да жетерлік. Тіпті, әлеуметтік желілерде ине көзінен өтетін алаяқтар да табылады. Бірі жұмыс тауып берем десе, екіншісі оңай ақшаға қарық боласың деп алдайды. Осынау ақпаратты тұтынушылардың көбі мәліметтің рас-өтірігін ажырата алмайды. «Алтын көрсе періште жолдан тая­ды» дегендей осыған сенетіндер, батпан құйрыққа елітетіндер көп. Көп жағдайда бұқаралық ақпарат құралдарына адамдар шындықты іздеп жүгінеді. Ал олар өз кезегінде бұқараға ақпараттың нақтылығын, шынайылығын анықтап беруі керек. Қоғам тілшілерге қарап ой түзеп, сөзін саптауға тырысады. Шындық шырылдап жетем дегенше, өтірік біраз жерді жайпап үлгеретіні даусыз. Әр адам кез келген көлденең көк аттының сөзіне ере бермей, жалған ақпараттың жарға жығатынын ұмытпаған жөн.

 

С.БЕГІМБАЕВА