«ЕҢБЕК ЖОЛЫ» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Бүгін Шымкенттегі опера және балет театрында «Еңбек күніне» орай, «Еңбек жолы» байқауының өңірлік кезеңінің жеңімпаздарын марапаттау іс-шарасы өтті. Байқау жұмысшы мамандықтарды танымал ету және ынталандыру мақсатында республика көлемінде ұйымдастырылып отыр. «Үздік еңбек әулеті», «Өндірістің үздік жас қызметкері», «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациялары бойынша марапатталған жеңімпаздарды Шымкент қаласы әкімі аппарат басшысының міндетін атқарушы Бағлан Бағдатұлы құттықтап, алғыс хат пен сый-сияпат табыстады.
–Мерекемен баршаңызды құттықтаймын. Сондай-ақ бүгінгі байқау жеңімпаздарын, яғни еліміздің даму жолында аянбай еңбек етіп жүрген өндіріс саласының қызметкерлеріне, біліктілігімен көзге түскен жас мамандарға алғыс айтқым келеді. «Еңбек күнін» белгілеу бұл – тәуелсіз еліміздің барлық саласындағы қызметкерлердің адал да абыройлы еңбегінің бағасы. Президент Қ.Тоқаев атап өткендей еңбек адамының мәртебесін көтеруге баса мән беру – ел болашағының жарқын кепілі деп білемін,– деді Бағлан Бағдатұлы.
Жиында «Өндірістің жас қызметкері» номинациясымен «Бал текстиль» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тоқымашысы Қанат Арапбаев, «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясымен «ПетроҚазақстанОйл Продактс» ЖШС-нің №3 технологиялық цех бастығының орынбасары Қайрат Мірхайдаров, «Үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша «Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» мемлекеттік инспекторы Рысбек Тұрғанұлы ие болды. Жеңімпаздар «Еңбек жолы» байқауының республикалық кезеңінде Шымкент қаласының атынан қатысатын болады.
«Шымкент келбеті»
Фото Серік Қосаев