Мемлекеттік қызметшілердің тұлғалық болмысын дамыту мәселесін талқылау аясында кездесу өтті
Бүгін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінде қаласының жергілікті атқарушы органдарына жаңадан қабылданған мемлекеттік қызметшілерімен кездесу өткізілді.
Кездесуде Агенттіктің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Шәкір Асылханұлы Сұлтанхан, Әдеп жөніндегі кеңес мүшесі Әділет Әділбекұлы Нысанбаев, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ақжол Батырұлы Қалшабек және Шымкент қаласы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Мұратжан Омарбекұлы Акишев өзекті мәселелер туралы сөз қозғады.
Ұйымдастырылып отырған кездесу мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін сақтау, олардың тұлғалық болмысы мен ұстанымдарын жетілдірудің өзекті мәселелеріне арналды.
Жиында Агенттіктің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Ш.Сұлтанхан жаңадан қабылданған мемлекеттік қызметшілерге қызметтік әдеп талаптарын сақтау мәселелері жөнінде сөз қозғап, жас буынға әділдік, адал ниеттілік, адалдық, ашықтық, сыпайылық және клиентке бағдарлану қағидаттарын ұстану қажеттігі бойынша бағыт-бағдар берді.
Кездесуге қатысушыларға Департамент басшысы мемлекеттік органдардың қашықтықтан жұмысты, аралас қашықтықтан жұмысты, икемді жұмыс уақыты режимінде жұмыс істеуді қолдану, жұмыс режимін сақтау мәселесіне қатысты мониторинг жүргізу, мемлекеттік қызметшілерге іссапар кезіндегі өтемақыларын төлеу және еңбек демалыстарын беру талаптарының сақталуына талдау жүргізу, Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу сұрақтары жөнінде сөз қозғады.
Сондай-ақ, жас мемлекеттік қызметшілерге жұмыс барысында Агенттіктің өкілеттіктері жөнінде айтып, жолданымдарды уәкілетті органдарға негізсіз жолдау жағдайларына жол бермеу, халықты әуре-сарсаңға салмау және азаматтардың жолданымдарын сапалы қарау қажеттігі жөнінде ескертпелер берілді.
Филология ғылымдарының кандидаты, доцент А.Қалшабек жас мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік қызметшілерге Абай Құнанбайұлының «толық адам» ілімінің этикалық негіздерін ақынның жырлары мен «Қара сөздер» прозасында көтерілген өзекті мәселелермен ұштастыра отырып мемлекеттік қызметші болмысы жөнінде сөз қозғады. Сонымен бірге, А.Қалшабек Абайдың «толық адам» концепциясының мемлекеттік қызметшінің тұлғалық болмысын жетілдіруде маңызды орын алатынын айтып өтті және қатысушыларға мемлекеттік қызметшілердің елдік және қоғам мүдделеріне әділ әрі адал қызмет етуге, өз күш-жігері мен білімін, біліктілігі мен тәжірибесін Отанымыздың дамуына барынша бағыттауға шақырды.