Кентаудағы өзекті мәселелер депутат назарында
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібеков Кентау қаласында болып, жергілікті халықпен кездесті. Қала тұрғындарын жеке қабылдап, мәселелерімен танысты.
Алғаш болып қоғамдық қабылдауға келген қала тұрғыны Қызтумас Алдашүкірова Ы.Алтынсарин көшесі №11 үйдің апатты жағдайда тұрғандығын сөз етті. Жарықтарының жиі өшетіндігін, су мен кәріз жүйесінің ескіргендігін, тіпті кіре-берістегі кірпіштері құзданып құлауға айналғандығын жеткізді. Аталған мәселеге орай республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстарын жүргізілсе деген ұсынысын айтты.
Ал, Кентаудың құрметті азаматы Мираш Әшірова Кентаудағы М.Әуезов атындағы №22 мектептің мәселесін көтерді. Бүгінде аталған мектепте оқушы сыйымдылығы жетпей жатыр. Сондықтан білім ордасының қасына қосымша ғимарат салынуы қажет. Оған мектептің ауласында жерде жеткілікті.
Ал, Құсшы ата ауылынан келген жергілікті тұрғындар Сауран мен Кентау қаласына қарайтын бір ауылдың мәселесін айтты. Яғни, бүгінде бір ауыл екіге бөлініп кеткен. Жолдың арғы беті Кентауға, бергі беті Сауран ауданына қарайды.
«Біздің ауылда өзекті мәселелер көп. Ал, оны шешудің негізгі жолы жолдың екі бетіндегі ауылды біріктіріп, Кентау қаласына қосу керек. Бұл іске халықта қарсы емес. Жүргізілген сауалнамада жергілікті тұрғындардың 90 пайызы келесімін беріп отыр» — деді қоғамдық қабылдауға келген ауыл тұрғыны Мәулен Мұсаханов.
Қоғамдық қабылдауда ақылы қоғамдық жұмыс атқаратын жұмысшылар жалақысының аздығын айтты. Ал, жасыл ел жасақтарының атынан келген жастар еңбек жасағына қосымша қаржы бөлініп, жұмысшы жастардың саны көбейту керектігін сөз етті.
Мәселелермен мұқият танысқан Ұласбек Сәдібеков барлық мәселені арнайы жазып алды. Алдағы уақытта айтылған жағдайларды терең зерттеп, оң шешілуіне атсалысатындығын айтты.
Мұнан соң, халық қалаулысы қаладағы №5 ЖЭО жұмысымен танысты.
Бүгінде Кентауды жылумен қамтамасыз етіп отырған орталық жөндеу жұмыстарынан өтіп жатыр. Алдағы қысқы маусымға дайындық жұмыстары қазірден басталып кеткен. Орталық ішін аралап, қазіргі жағдайын көрген Ұласбек Сәдібеков халықты қыстан қиналдырмай алып шығу керектігін айтты. Бұл бағытта жұмыстардың сапалы әрі мерзімінде орындалуы керектігін тапсырды.
Ұласбек Сәдібеков қаладағы жөндеуден өтіп жатқан тұрғын үйлерді көрді. Сондай-ақ, қоғамдық қабылдауда тұрғындар айтқан Ы.Алтынсарин көшесіндегі №11 үйде болып, тұрғындармен кездесті.
Халық қалаулысы сала мамандарына аталған жағдайларды назарға алу керектігін тапсырды. Ал, туындаған мәселелерді Парламент қабырғасында көтеріп, тиісті министрліктерге жеткізетіндігін айтты.