ТҮРКІСТАН: «ӘЛЕМДІ КІТАП АРҚЫЛЫ ТАНИМЫН» АТТЫ ОБЛЫСТЫҚ БАЙҚАУ БАСТАЛДЫ

Түркістандағы балалар кітапханасында «Әлемді кітап арқылы танимын» атты облыстық байқауының алғашқы іріктеу кезеңі өтті. Ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік туындылар мен әлем әдебиетінің үздік шығармаларын насихаттауды көздейтін шараны Сарыағаш аудандық әкімдігі және «Фараб» кітапханасы бірлесіп ұйымдастырған.
Рухани бай болу мен патриоттық тәрбие беру бағытындағы байқауға кітапхана оқырманы болып тіркелген 11-17 жас аралығындағы жасөспірімдер қатыса алады. Аталмыш жоба өңір аумағындағы аудан-қалаларда жалғасып, Сарыағаш ауданында қорытындыланады.
Байқауға қатысқан талантты 15 оқушының ішінен оза шауып, облыстық байқаудың финалына Әмина Бейбітхан жолдама алды. Эльнура Акимжанова және Ақниет Сапарбек І орын, Қарақат Жұман мен Сарвиноз Абдалимова ІІ орынды иеленді. Сондай-ақ Нұрай Шаймерден мен Ернар Ермырза ІІІ орынды қанжығасына байлады. Барлық қатысушылар арнайы дипломмен және түрлі номинациялар марапатталды.