Қазақстанда бензин бағасы өседі
Энергетика министрлігі жанар-жағармайдың шекті бөлшек бағасын көтеруді жоспарлап отыр. Бұл туралы энергетика министрінің міндетін атқарушы Болат Ақшолақов мәлімдеді.
«Ішкі нарықтағы жанармай жағдайын тұрақтандыру үшін Қазақстанның көрші елдермен салыстырғандағы баға айырмашылығын төмендету қажет. Бұл қиын, бірақ қажет шешімге баруымыз керек. Оны мойындауымыз керек. Бөлшек саудадағы жанармай бағасын көтеру қажет», — деді Ақшолақов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Атап айтқанда: АИ-92 және АИ-93 маркалы бензин бағасы литріне 182-187 теңгеден 205 теңгеге дейін өседі, өсім 11 процент; дизель отыны бағасы литріне 230-260 теңгеден 295 теңгеге дейін көтеріледі, өсім 20 пайыз.
Ведомство басшысы тиісті бұйрық жобасы бүгін жарияланатынын атап өтті. Осы орайда Ақшолақов жанармай бағасын көтеру не үшін қажет екенін түсіндірді.
«Бағадағы айырмашылық мәселесін қазір қолға алмасақ, алдағы уақытта біз үлкен тапшылықтың куәгері боламыз. Бұдан басқа экономикалық маңызды саланы дамыту мүмкіндігінен айырыламыз, сондай-ақ бұл еліміздің энергетикалық қауіпсіздігіне де әсер етеді», — деп түйіндеді сөзін ол.
дереккөз: Sputnik Қазақстан.