ТҮРКІСТАНДЫҚ ТАЕКВОНДОШЫЛАР ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНДА ЖҮЛДЕЛІ ОРЫНДАРДЫ ИЕЛЕНДІ

Өзбекстан Республикасының астанасы Ташкентте таеквондо ITF спорт түрінен Орталық Азия мемлекеттерінің чемпионаты өтті. Азиялық спортшылар арасындағы байрақты бәсекеге жалпы саны 600-ге тарта спортшы қатысып, жүлделі орындарды сарапқа салды. Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 37 алтын, 29 күміс, 47 қола медальмен 1-орынды иеленді
Үздіктер іріктелген сайыста ел намысын қорғаған ұлттық құрама сапында Түркістан облысының 12 спортшысы өнер көрсетті. Сайыпқырандар ел қоржынына 10 алтын, 9 күміс, 3 қола медаль салып, мемлекетіміздің мерейін асырды.
Көк туымызды желбіретіп, Әнұранымызды шырқатқандардың бірі – Мақсат Тұрсынбек. 71 келі салмақта қарсылас шақ келтірмеген облыстық жауынгерлік өнер қауымдастығының спортшысы командалық туль бойынша да алтын медаль иегері атанды.
Түркістан облысы бойынша таеквондо ITF федерациясының президенті Айдын Қамытбаевтың айтуынша, жарысқа үкілеп қосқан шәкірттер үмітті ақтады. Сайыпқырандардың жеңіске жетуіне бапкерлері – Нұрболат және Жамбыл Қуандықовтардың қосқан үлесі мол.