ШЫМКЕНТТЕ СУ БАСУ ҚАУПІ БАР АЙМАҚТАРҒА ТІКҰШАҚ АРҚЫЛЫ ӘУЕДЕН ШОЛУ ЖАСАЛДЫ

Шымкент қаласында су басу қаупі бар аймақтарға тікұшақ арқылы әуеден шолу жұмыстары жүргізілді.

​Бұл туралы Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Жәнібек Тұрлыбекұлы брифинг барысында мәлімдеді.

Казгидрометтің мәліметінше, наурыз айында жаңбыр нормадан көп күтіледі деген болжам бар. Бұл дегеніміз осы мезгілде су басу жағдайлары күрделенуі мүмкін.
Спикердің сөзінше, су тасқыны кезеңінде халықты дер кезінде хабардар ету мақсатында Департамент СМС хабарламалар, цифрлық 26 теле және 3 радиоарналар арқылы дауылды ескертулерді үнемі жариялап отырады.
Бүгінгі таңда Департамент жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп бірқатар жұмыстар жүргізді. Атап айтқанда, қала аумағындағы су басу қауіпті аймақтарға тікұшақ арқылы әуеден шолу жұмыстары жүргізілді. Оған Департаменттің және қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшылары қатысты.
Сонымен қатар, Департаменттің аудандық төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері аудандық әкімдіктерімен бірлесіп қауіпті су басу ықтимал учаскілерге жерүсті мониторинг жүргізді. Нәтижесінде қауіпті деп танылған учаскілердегі каналдарды ирригациялық жүйелерді жиналған қоқыстан тазарту жүргізілді.
Айта кетейік, Шымкент қаласында су тасқыны жағдайы тұрақты. Қала аумағында 10 гидротехникалық құрылыс бар. Атап айтқанда, 4 су қойма, 3 гидроторап, 2 канал, 1 су жинағыш. Оның ішінде Ақжар су қоймасы жөндеуді қажет етеді. Авариялық және иесіз гидротехникалық құрылыс жоқ.

Сонымен қатар, өңірімізде 4 ірі өзен мен 27-ден астам канал ағады. Жалпы су қоймаларының толуы 60-70% құрайды. Көктем мезгіліндегі тасқын суларды қабылдау үшін су қоймаларында қорлар жеткілікті. Өзендердегі судың деңгейі ортадан төмен.