ТҮРКІСТАНДА «МЕН ҚАЗАҚША СӨЙЛЕЙМІН!» АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА СҰЛТАНМАХМҰТ ПЕН МАҒЖАННЫҢ ЖЫРЛАРЫ НАСИХАТТАЛДЫ

Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала Елі» орталығында «Мен қазақша сөйлеймін!» акциясының марапаттау рәсімі өтті. Аталмыш акция биыл қаңтар-ақпан айларында этностардың арасында облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен әлеуметтік желіде өткен болатын.
Акцияның арқылы үміткерлер ұлт ардақтылары Сұлтанмахмұт Торайғыров пен Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойлары аясында олардың шығармаларын мәнерлеп, жатқа оқыды. Сайысқа 202 үміткер қатысты.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Кентау қаласы, Қарнақ жалпы орта мектебінің 3 сынып оқушысы Нажимова Заринаға бұйырды. Бірінші орынға Қазығұрт ауданынан Суннатова Фазилат лайықты деп танылса, Кентау қаласынан Еркинова Чарас пен Жетісай ауданынан Фисенко Софья екінші орын иегері атанды. Ал Түлкібас ауданынан Тавшанова Тахмина, Кентау қаласынан Анварова Роза, Төлеби ауданынан Халмуратова Дилноза үшінші орынды иеленді.
Қазылар алқасының қатарында белгілі сазгер, профессор, журналист Бекжігіт Сердәлі, журналист, тележүргізуші Төребек Байтас, ақын Әйгерім Жұмабай, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ дайындық орталығы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Үржамал Ыбыраева, облыстық мәдениет басқармасының баспасөз хатшысы Тұрсынай Шаметова бар. Олар жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыстады.