ТҮРКІСТАН: БӘЙДІБЕК АУДАНДЫҚ ОРТАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНДА АЛҒАШ РЕТ ИНСУЛЬТКЕ ОТА ЖАСАЛДЫ

Жуырда Бәйдібек аудандық орталық ауруханасында Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимовтың бұйрығымен инсульт орталығы ашылған болатын.
Бұл орталықта көп жылдан бері жұмыс атқарып келе жатқан тәжіребиелі 1-санаттағы невропатолог маманы А.П.Педенова бастауымен халыққа сапалы неврологиялық көмек көрсетілуде.
Инсульт ауруына шалдыққан науқастарға осы орталықта сауықтырудың бірінші, екінші кезеңдік дәрігерлік көмегі көрсетіледі. Инсульттің ишемиялық түрінде тромболизистік ем қолданылады. Геморрагиялық түрінде түрлі бас миына оталар жасалады.
Компьютерлі томограф аппараты адамның ағзасындағы қан-тамыр жүйесін толықтай зерттеуге мүмкіндік береді.
Атап айтқанда, алғашқы науқас 1973 ж.т. Шымкент қаласының тұрғыны жедел түрде ауыр халде ес-түссіз Бәйдібек аудандық орталық ауруханасына Шалдар елді мекенінен жедел жәрдем автокөлігімен жеткізілген.
Науқасқа тез арада мамандар тарапынан толық тексеру жүргізіліп, компьютерлік томограф аппаратына басын түсіріп нәтижесінде миына қан құйылу, яғни геморрагиялық инсульт анықталды.
Алғашқы науқас болғандықтан облыстық медавиация көмегіне жүгініп, облыстан нейрохирург маманы жедел шақыртылды. Шымкент қалалық №1 ауруханасының нейрохирургының көмегімен бірлесіп орталық аурухананың нейрохирургы Ж.Бейсенов пен хирургия бөлімінің меңгерушісі Ә.Ғалиев инсульт алған науқасқа Бәйдібек аудандық орталық ауруханасында алғашқы отаны жасады.
Науқас отадан соң инсульт орталығының қарқынды терапия бөліміне ауыстырылды. Реаниматолог және невропатолог дәрігерлердің берген емінен жағдайы жақсарып есін жинады. Бүгінгі күнге науқас білікті маман, инсульт орталығының меңгерушісі А.Педенованың бақылауында. Жағдайы жақсарып тиісті емін алуда.