ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АЛҒЫС АЙТУ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН ТУРНИР ӨТТІ

Түркістан облысы, Келес ауданынының орталығында 1 наурыз – Алғыс айту күні мерекесі қарсаңында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында шағын футболдан жарыс өтті. Келес ауданы әкімінің кубогын сарапқа салған теңбіл доп додасына аудан аумағындағы ауыл мен ауылдық округтерден келген 12 құрама бақ сынады. Іс-шараға арнайы қатысқан Келес ауданы әкімінің орынбасары Алмас Сексенбаев барлық командалар мен жанкүйерлерге алғысын білдіріп, жеңімпаздарды марапаттады.
– Спорт – денсаулық кепілі. Сондықтан әлемде қаншама адам спортпен шұғылданып, бар ғұмырын соған арнайды. Әлемде ең көп тараған, ерекше ықыласқа ие спорт түрі – футбол екені анық. Бұл жарыста ауылдық округтерінің азаматтары футбол алаңында бақтарын сынады. Бүгінгі ойында өздерін көрсеткен барлық қатысқан командаларға Алғыс хат пен сыйлықтар табыс етілді. Алдағы уақытта жасыл алаңда өткізілетін футбол жарысында жерлестеріміздің биік тұғырдан көрінуіне сәттілік тілеймін, — деді Алмас Икрамұлы.
Турнир қорытындысымен Бас жүлдені Қошқарата ауылдық округі құрама командасы иеленіп, аудан әкімінің кубогын жеңіп алды. Финалдық кездесуде қарсыласына есе жіберген Ұшқын ауылынан келген әуесқой спортшылар ІІ орыннан көрінсе, ІІІ орынды Абай ауылының жастары жеңіп алды. Жарыс соңында спортшылар барша жерлестерінің қолдауына алғыс білдіріп, аудан намысы үшін аянбай еңбек ететіндерін жеткізді.