ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ ДЕМАЛЫС АЙМАҚТАРЫНА БАРАТЫН ОБЛЫСТЫҚ МАҢЫЗЫ БАР ЖОЛ ЖӨНДЕУДЕН ӨТКІЗІЛУДЕ

Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен мердігер мекеме «АлемТрансЖол» ЖШС тарапынан Төлеби ауданындағы облыстық маңызы бар КХ-82 «Шымкент-Қасқасу-Көксәйек-Шымкент» автомобиль жолының 36 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Аталған жолдың жөндеу жұмыстары Шымкент қаласының шекарасынан басталып, Шомшақты, Зертас, Көксәйек, Қазақстан, Тасарық, Қасқасу, Ұзынарық, Диханкөл елді мекендерін қамтиды. Бұл бағыттарда туристік әрі демалыс аймақтары мол.
Нысанның жөндеу жұмыстары 2022 жылы басталған. Сметалық құжаттамаға сәйкес, аудандағы елді мекендерді аяқжолмен толық қамту қарастырылған. 2022 жылы бөлінген қаржыға 6 шақырым аяқжол салынып, жолдың 2 шақырымына асфальт жабындысы төселді.
2023 жылы жұмыс-өндірістік кестеге сәйкес, аяқжол салу және жарықтандыру шамдарын орнату жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ жолдың біршама учаскісінде ескі асфальт қабатын фрезалау, жарамсыз жол учаскілерінде асфальт жабынын бұзып, жол негізін қайта қалпына келтіру және екі қабат асфальт жабынын төсеу жұмыстары атқарылады.
Қазіргі таңда аяқжол салу және жарықтандыру шамдарын орнату жұмыстары іске асырылуда.